Қазақстан ұлттық құрамасының 18 жастағы футболшысы Дастан Сәтбаев «Бернли» сапында «Вулверхэмптонға» қарсы кездесуге қатысты. Бұған дейін ол ойыншының құқығына иелік ететін лондондық «Челси» клубының шектеуіне байланысты бір матчті өткізіп алған еді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сәтбаев негізгі құрамға енбегенімен, матчтің 61-минутында, есеп 1:1 болып тұрған кезде алаңға шықты.
Қазақстандық футболшы алаңда 29 минут өткізді. Flashscore порталы оның ойынын 6,4 балға бағалады. Сәтбаев қарсылас қақпасына соққы жасамағанымен, тоғыз пас беріп, барлығын дәл жеткізді.
Кездесудің 20-минутында Джейми Варди «Бернлиді» алға шығарды. Алайда 39-минутта Фер Лопес есепті теңестірді.
Ал 71-минутта Таванда Чирева «Вулверхэмптонның» жеңіс голын соқты. Осылайша матч 1:2 есебімен аяқталды.
Бұл «Бернлидің» 11 матчтағы бесінші жеңілісі болды. Команда сегіз ұпаймен 24 клубтың арасында 21-орында тұр.
«Челси» Сәтбаевтың алаңға шығуына неге тыйым салды?
Еске салайық, Дастан Сәтбаев 2 қыркүйекте «Мидлсброға» қарсы ойында жарақат алып, бір айдан астам уақыт алаңға шыға алмаған еді.
Ол 10 қазанда «Уотфордқа» қарсы өткен жеңісті кездесуде ойынға қайта оралды.
Алайда 13 қазанда «Чарльтонға» қарсы матчтің өтініміне енбеді. Кездесуден кейін «Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен «Челси» басшылығы Сәтбаевты алаңға шығаруға рұқсат бермегенін мәлімдеді.
«Бернли» келесі кездесуін 24 қазанда «Линкольн Ситиге» қарсы өткізеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 19:00-де басталады.