Ұлыбритания ғалымдары алғаш рет адам көзіне жасыл реңкте көрінуі мүмкін жұлдызды анықтады. Ерекше аспан денесінің түсіне оның атмосферасындағы химиялық элементтер әсер еткен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Уорик университетінің астрономдары 15 қазанда RAS Techniques and Instruments ғылыми журналында ақ ергежейлі жұлдыздардың түсін адам көзінің қалай қабылдайтыны туралы зерттеу нәтижелерін жариялады.
Ғалымдар жұлдыздардың сәуле шығару спектрін адамның көру қабілетін модельдеу әдісі арқылы талдаған.
Әдетте жұлдыздардың түсі олардың температурасына байланысты болады. Алайда ақ ергежейлі жұлдыздардың түсіне тығыз атмосферасындағы химиялық элементтер де әсер етуі мүмкін.
Зерттеу барысында ғалымдар WD J1330+6435 деп аталатын жұлдыздың ерекше сары-жасыл реңкке ие екенін анықтаған.
Мамандардың түсіндіруінше, оның атмосферасына бұрынғы планеталардың қалдықтары түсіп, кальций, литий және натрий сияқты элементтермен байытылған.
Натрий сары, қызғылт сары және қызыл жарықтың бір бөлігін, ал кальций күлгін сәулені жұтады. Соның нәтижесінде жұлдыздың жарығы адам көзіне сары-жасыл болып көрінуі мүмкін.
Зерттеу жетекшісі Марк Холландс мұндай жұлдыздың көрінісі ғылыми-фантастикалық фильмдегі көріністі еске түсіретінін атап өтті.
Ғалымдар қызғылт түсті жұлдызды да зерттеді
Астрономдар Жерден 48 жарық жылы қашықтықта орналасқан WD J1011+2845 атты тағы бір ерекше ақ ергежейлі жұлдызды сипаттады.
Оның түсі албырт-қызғылт реңкке жақын. Ғалымдардың болжамынша, бұл бұрын-соңды анықталған ең қызыл жұлдыздардың бірі болуы мүмкін.
Мұндай түс жұлдыздың ішкі қабаттарынан атмосферасына көтерілген көміртек молекулаларының әсерінен пайда болған.
Зерттеу аясында астрономдар Жерден 65 жарық жылына дейінгі қашықтықта орналасқан 151 ақ ергежейлі жұлдызды талдаған.
Олардың бесеуінен ерекше түс анықталған: екеуі сары, үшеуі қызғылт реңкті болған.
Ғалымдардың бағалауынша, шамамен әрбір 30-шы ақ ергежейлі жұлдыз осындай ерекше түске ие болуы мүмкін.
Зерттеу нәтижелері жұлдыздардың түсі тек температураға ғана емес, олардың атмосферасындағы химиялық құрамға да байланысты екенін көрсетеді.