Тоқаев Камбоджа Премьер-министрімен кездесті: қандай мәселелер талқыланды?

Тоқаев Камбоджа Премьер-министрімен кездесті: қандай мәселелер талқыланды?
Ақорда

Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Үкіметінің басшысы шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды dalanews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Салтанатты рәсім барысында екі елдің басшылары ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт бергеннен кейін Президент оркестрі Қазақстан мен Камбоджаның мемлекеттік әнұрандарын орындады.

Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Хун Манеттің Қазақстанға сапарын тарихи оқиға деп бағалады. Президенттің айтуынша, бұған дейін Камбоджа премьер-министрлері Қазақстанға ресми сапармен келмеген.

– Сапарыңыздың тарихи мәні зор деп санаймын. Өйткені бұған дейін Камбоджа премьер-министрлерінің Қазақстанға жолы түспеген. Ал Сіздің қазақ жерімен жеке байланысыңыз бар. Әкеңіз 1982 жылы елімізге келген екен. Бүгін екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелерін талқылаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент екі ел арасындағы туризм мен гуманитарлық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударды.

– Қазақстан халқының еліңізге ықыласы ерекше. Көптеген отандасымыз Камбоджаға барып, оның көрікті жерлерімен танысқысы келеді. Елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтауымыз қажет. Сондай-ақ гуманитарлық саладағы байланыстарды жандандырғанымыз жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Камбоджаның табиғи ресурстарға бай екенін атап өтіп, осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік барын жеткізді. Сондай-ақ тараптар сауда-экономикалық қатынастарды нығайту мәселелерін талқылады.

Өз кезегінде Хун Манет Қазақстанға шақырғаны үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жылдан асқанын еске салды.

Камбоджа Премьер-министрі энергетика және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.

– Бүгін энергетика секторындағы ықпалдастықты тереңдету мүмкіндігі туып отыр деп ойлаймын. Ведомстволарымызға өзара мүдделі бағыттарды анықтауды тапсыра аламыз. Қазақстан электронды үкімет бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізді әрі озық әзірлемелерге ие. Біздің министрліктеріміз осы салада тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр, – деді Хун Манет.

Кездесу қорытындысында тараптар саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.