Еуразиялық даму банкінің (ЕАӨБ) апта сайынғы макроэкономикалық шолуында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан экономикасындағы негізгі өзгерістер жарияланды. Банк Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2026 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 5%-ға өседі деп болжап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 103 млрд долларға жетті
2026 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға өсіп, 103 млрд долларға жетті. ЕАӨБ мәліметінше, экспорт көлемі 19,5%-ға артып, 60,4 млрд долларды құраған. Бұл импорт өсімінен едәуір жоғары. Импорт көлемі осы кезеңде 4,5%-ға ұлғайған.
Сонымен қатар 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға өскен. Экспорттың артуы мен инвестициялық белсенділіктің жоғары деңгейін ескере отырып, ЕАӨБ Қазақстан экономикасының 2026 жылғы өсімін шамамен 5% деп бағалайды.
Қырғызстан экономикасы 10,8%-ға өсті
Қырғыз Республикасының жалпы ішкі өнімі 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,8%-ға артқан. ЕАӨБ бағалауынша, ел экономикасының өсуіне ішкі сұраныс негізгі серпін беріп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 68,5%-ға ұлғайған.
Бөлшек сауда көлемі 15,4%-ға, ал қонақүйлер мен мейрамханалар көрсеткен қызметтер көлемі 8,6%-ға өскен. Банк негізгі капиталға салынған инвестиция мен тұтынушылық белсенділіктің артуы Қырғызстан экономикасының жыл соңына дейін шамамен 11%-ға өсуіне ықпал етеді деп күтеді.
Ресейде іскерлік белсенділік артты
Ресейде де экономикалық белсенділіктің жақсарғаны байқалады. Ресей Банкінің іскерлік ахуал индексі 3,6 тармаққа өсіп, 1,2 тармаққа жеткен. Бұл – 2026 жылғы мамырдан бергі ең жоғары көрсеткіш. ЕАӨБ мәліметінше, индекстің өсуіне кәсіпорындардың қазіргі жағдайға берген бағасының 4,2 тармаққа жақсаруы және бизнестің қысқа мерзімді күтулерінің 2,8 тармаққа артуы әсер еткен.
Компаниялардың инвестициялық белсенділіктің өсуіне қатысты күтулері де соңғы үш тоқсандағы ең жоғары деңгейге жеткен. Соған қарамастан, ЕАӨБ Ресей экономикасының 2026 жылғы өсімін шамамен 0,7% деңгейінде болжайды.
Өзбекстанда инфляция жеделдеді
2026 жылғы қыркүйекте Өзбекстандағы жылдық инфляция тамыздағы 6,2%-дан 6,4%-ға дейін өскен. Бағаның өсуіне бензин мен пропан құнының қымбаттауы әсер еткен. Бір жыл ішінде бензин бағасы 20,1%-ға, ал пропан бағасы 48,9%-ға өскен.
Қызмет көрсету саласындағы бағаның өсуі де инфляцияның жеделдеуіне қосымша ықпал еткен. Қызметтер бағасы тамыздағы 6,4%-дан қыркүйекте 7%-ға дейін көтерілген. Осы факторларды ескере отырып, ЕАӨБ 2026 жылдың соңында Өзбекстандағы жылдық инфляция шамамен 6,5% болады деп болжап отыр.