Әлеуметтік желілерде Париждің басты көрікті орындарының бірі – Эйфель мұнарасы өртке оранғаны бейнеленген видео мен фотолар тарады. Алайда бұл кадрлар шынайы емес. Желіде тараған материалдар қолдан жасалған визуалды эффектілер мен компьютерлік графика арқылы әзірленген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жалған видео TikTok платформасында жарияланып, кейін X әлеуметтік желісіне тараған. Кадрлардан Париж аспаны аясында жалынға оранған Эйфель мұнарасын көруге болады. Ал видеода артқы жақтан құтқару қызметтерінің сиренасы естіледі.
Жалған ақпаратқа негіз болған видеолардың бірі миллиондаған қаралым жинаған. Тексеру кезінде олардың біріне шамамен 7 миллион рет қаралғаны белгілі болған. Жазба астында қолданушылар оқиғаның рас-өтірігін және зардап шеккендер бар-жоғын сұраған. Алайда Эйфель мұнарасында өрт болғаны туралы ақпарат расталмады. Видеолар мен фотолар шынайы оқиғаны бейнелемейді.
Жалған видео қалай анықталды?
Мұны Эйфель мұнарасын көрсететін тікелей эфирлер арқылы тексеруге болады. Онлайн трансляцияларда өрттің де, оның салдарының да белгілері байқалмаған. Сонымен қатар мұнараның ресми сайтында өртке қатысты ешқандай хабарлама жарияланбаған. Нысан әдеттегі режимде жұмысын жалғастырған.
Тексеру барысында вирустық видеоның YouTube платформасында бұған дейін жарияланғаны анықталған. Бейнероликтің атауында VFX (визуалды эффектілер) және CGI (компьютерлік графика арқылы жасалған кескіндер) белгілері көрсетілген.
Осылайша, әлеуметтік желілерде шынайы оқиға ретінде ұсынылған кадрлар компьютерлік технологиялардың көмегімен жасалған болып шықты.