Алматыда Allur автомобиль тобы ұсынатын Kia Qazaqstan мен Қазақстан теннис федерациясының серіктестігі аясында жаңартылған Kia Tennis Park ашылды. Бұл жоба спорт инфрақұрылымын дамытуды, жас спортшыларды қолдауды және теннисті халыққа қолжетімді етуді көздейді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұрын ЦСКА атауымен белгілі болған теннис орталығының тарихы 1970 жылдан басталады. Бүгінде орталық жаңа атауға ие болып, келбеті жаңартылды. Сонымен қатар Алматының спорт өміріндегі маңызды орнын сақтап қалды. Жаңғырту жұмыстары балалардың, кәсіби спортшылардың және теннис әуесқойларының жаттығуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Ресми ашылу салтанатына Kia Qazaqstan мен Қазақстан теннис федерациясының өкілдері, спортшылар, жаттықтырушылар, блогерлер және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Іс-шара бағдарламасы аясында лента қию рәсімі, орталыққа экскурсия, кәсіби теннисшілердің шеберлік сабақтары және танымал қонақтардың қатысуымен көрсетілім матчтары ұйымдастырылды. Жас келушілер үшін арнайы жаттығулар мен ойын-сауық шаралары өткізілді.

Теннисті қолдау Kia брендінің халықаралық стратегиясында маңызды орын алады. 2002 жылдан бері компания «Үлкен дулыға» санатына кіретін төрт ірі турнирдің бірі — Australian Open жарысының серіктесі болып келеді. Kia Tennis Park орталығының ашылуы Қазақстанда осы дәстүрдің жалғасына айналды. Қазақстан теннис федерациясымен серіктестік спорт инфрақұрылымын дамытуға, жас спортшыларды қолдауға және елде теннисті кеңінен насихаттауға бағытталған.

Соңғы жылдары Қазақстанның теннис инфрақұрылымы айтарлықтай кеңейді. 2007 жылдан бері елімізде 391 корты бар 39 теннис орталығы салынды. Ал спорт инфрақұрылымына тартылған жеке инвестиция көлемі 230 миллион доллардан асты.

Kia Tennis Park орталығының ашылуы Kia Qazaqstan мен Қазақстан теннис федерациясы арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне айналды. Бұл серіктестік спорттық ортаны дамытуға, жас таланттарды қолдауға және Қазақстанда теннистің танымалдығын арттыруға бағытталған.