Қазақстанда маймыл шешегінің таралу қаупі қандай? Министрлік түсіндірді

Қазақстанда маймыл шешегінің таралу қаупі қандай? Министрлік түсіндірді
ашық дереккөз

Денсаулық сақтау министрлігі әлемдегі инфекциялық ауруларға, соның ішінде маймыл шешегінің эпидемиологиялық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, әлемнің кейбір елінде маймыл шешегі тіркеліп, халықаралық көлік қатынасы белсенді болғандықтан, инфекцияның Қазақстанға келу қаупі бар.

"Алайда вирустың таралу ерекшеліктерін ескерсек, оның ел ішінде кеңінен таралу ықтималдығы төмен. Қазақстанда инфекция сырттан әкелінуіне және таралуына жол бермеу үшін алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Соның ішінде:

  • мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттеріндесанитариялық бақылау күшейтілді;
  • маймыл шешегі тіркелген елдердегі эпидемиологиялық жағдай және сол мемлекеттерден келген азаматтар бақылауда;
  • өткізу пункттері дене қызуын өлшейтін құралдармен жабдықталды;
  • медициналық ұйымдар мен зертханалардың инфекцияны анықтап, диагноз қоюға дайындығы қамтамасыз етілді;
  • аса қауіпті инфекцияға күдік туындаған жағдайда хабарлау және тиісті мекемелердің бірлесіп әрекет ету тәртібі бекітілді.

Маймыл шешегі тіркелген елдердің тізімі әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға қарай үнемі жаңартылып отырады. Көліктің барлық түрінде жүргізілген бақылау кезінде аса қауіпті инфекция жұқтырған немесе жұқтырды деген күдікке ілінген адамдар анықталмаған.

Маймыл шешегі - MPXV вирусы тудыратын жұқпалы ауру. Ол көбіне инфекция жұқтырған адаммен тығыз байланыс кезінде беріледі. Мысалы, науқастың терісіндегі бөртпелермен немесе биологиялық сұйықтықтарымен жанасқанда жұғуы мүмкін. Сондай-ақ, вирус жұққан киім, төсек-орын және басқа да заттар арқылы, инфекция жұқтырған жануарлармен байланыс кезінде таралуы ықтимал.