«Росатом» мемлекеттік корпорациясы мен Индонезияның PT Pembangkit Listrik Nuklir компаниясы қалқымалы атом энергетикалық блоктарын пайдалану арқылы Индонезияның шығысындағы Солтүстік Малуку өңіріндегі тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз ету туралы келісім жасасты. Тараптар тиісті келісімге Мәскеуде өтіп жатқан Ресей энергетикалық апталығы аясында қол қойды. Бұл келісім Ресей мен Индонезия арасындағы екіжақты энергетикалық ынтымақтастықтың маңызды кезеңіне айналды.
Жобаны іске асыру аясында «Росатом» Солтүстік Малуку өңіріндегі Хальмахера аралының солтүстік бөлігін электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін жалпы қуаты 200 МВт болатын ПЭБ-100 үлгісіндегі екі қалқымалы атом энергетикалық блогын жеткізеді. Қалқымалы энергетикалық блоктар атом мұзжарғыш кемелерінде тиімділігін, сенімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген РИТМ тобының реакторлық қондырғылары арқылы көміртек шығарындылары төмен электр энергиясын өндіреді. Электр энергиясын жеткізу туралы келісімшарттың негізгі талаптары күшіне енгеннен кейін бес жыл ішінде қалқымалы энергетикалық блоктар Индонезия тұтынушыларына алғашқы мегаватт электр энергиясын бере бастайды деп жоспарланып отыр.
«Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев келісімге қол қоюға қатысты пікір білдірді: *«Росатом» мен Индонезия арасындағы ынтымақтастық өте қарқынды дамып келеді. Жақында Президент Прабово Субиантомен өткізген кездесуіміз бұл ірі аралдық мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және көміртек бейтараптығына қол жеткізуге дәйекті түрде ұмтылып отырғанын растады. Жаңа келісім – осы бағыттағы аса маңызды қадам. «Росатом» әлемдік нарықта ең заманауи әрі тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденген шешімдерді ұсынуға дайын. Сонымен қатар біз тек электр энергиясын жеткізу мәселесін ғана емес, ұзақ мерзімді әріптестік орнатуды да талқылап отырмыз. Бұл – қалқымалы атом энергетикалық блогынан электр энергиясын жеткізу жөніндегі әлемдегі алғашқы экспорттық келісім екенін атап өткім келеді. Оның әлемдік бизнес қауымдастығы үшін жарқын үлгі болатынына сенімдімін. Бұл жоба мемлекеттің жүйелі қолдауы жағдайында жеке бизнестің атом энергетикасындағы ел экономикасын өзгертуге қабілетті ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды бастай алатынын көрсетеді», – деді Алексей Лихачев.
PT Pembangkit Listrik Nuklir компаниясының бас директоры Юди Утомо Имарджоко былай деп атап өтті: *«Біз ұлттық инвесторлар ретінде Индонезияның энергетикалық ауысуына жәрдемдесуді өзіміздің басым міндетіміз әрі жауапкершілігіміз деп санаймыз. Ел тұрғындарын таза, сенімді және көміртек шығарындылары төмен электр энергиясымен қамтамасыз ету Индонезияның ұзақ мерзімді дамуы мен энергетикалық қауіпсіздігінің қажетті шарты екеніне сенімдіміз. Атом энергетикасы елдің электр энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік беретін тұрақты шешім ұсынады және әсіресе Индонезияның шығыс өңірлерінде экономикалық дамуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Бұл ретте жобаның тек коммерциялық негізде, яғни бизнес субъектілері арасындағы B2B форматында, жеке инвестициялар есебінен және Индонезияның мемлекеттік бюджетінен қаражат тартылмай жүзеге асырылатынын ерекше атап өту маңызды. Тарихи маңызы бар осы әріптестікті жүзеге асыруға қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Осы бірлескен жұмыстың маңызды кезеңіне жетуге мүмкіндік берген дәйекті қолдауы мен жәрдемі үшін Индонезия үкіметіне, әсіресе Индонезия Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігіне шынайы алғысымызды білдіреміз», – деді Юди Утомо Имарджоко.
PT Pembangkit Listrik Nuklir компаниясының инвесторы Ромо Нитийудо Вакьйо былай деп мәлімдеді: *«Бүгінгі келісім ортақ мақсатымызға – Индонезияның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға және келешек ұрпақ үшін елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды. Ресей Президенті Владимир Путинге, Ресей делегациясына және «Росатом» мемлекеттік корпорациясына жемісті ынтымақтастық пен әріптестігімізді дамытуға деген адалдығы үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ Индонезия Президенті Прабово Субиантоға және Индонезияның қорғаныс министрі Шафри Шамсуддинге профессор Юди екеумізге сенім білдіріп, Солтүстік Малуку провинциясының Солтүстік Хальмахера округінде қуаты 200 МВт атом электр станциясын іске асыру жауапкершілігін жүктегені үшін ерекше ризашылығымды білдіремін. Бұл тарихи келісім энергетиканы дамытудың жаңа кезеңіне негіз қалайды. Ол Солтүстік Малуку тұрғындары үшін қосымша мүмкіндіктер ашып, бүкіл Шығыс Индонезияның экономикалық өсуіне ықпал етеді», – деді Ромо Нитийудо Вакьйо.
Анықтама: Индонезиямен ынтымақтастық. 2025 жылы республика билігі атом энергетикасын елдің ұлттық энергетикалық жоспарына енгізді. Атом энергетикасы ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізу құралдарының бірі ретінде қарастырылып отыр.
2024 жылғы 31 шілдеде Индонезияның сол кездегі қорғаныс министрі әрі сайланған президенті Прабово Субианто Мәскеуге барып, Кремльде Ресей Президенті Владимир Путинмен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында Субианто Индонезияның «Росатом» мемлекеттік корпорациясымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін ресми түрде мәлімдеді.
2026 жылғы мамырда «Росатом» басшысы Алексей Лихачев пен Индонезия Президенті Прабово Субиантоның кездесуі өтті. Кездесу барысында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, ядролық инфрақұрылымды дамыту, ұлттық кадрларды даярлау, атом технологияларын энергетикадан тыс салаларда қолдану және атом электр энергиясын өндіру жобаларын іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
«Росатом» Индонезияға атом энергетикасы жобаларын жүзеге асырудың екі кезеңнен тұратын тәсілін ұсынып отыр. Бірінші кезеңде ел аумағына шағын қуатты қалқымалы энергетикалық блоктарды орналастыру, ал екінші кезеңде қуаты жоғары реакторлары бар құрлықтағы атом электр станцияларын салу жоспарлануда.
«Росатомның» шағын модульдік атом энергетикасы саласындағы көшбасшылығы. Әлемде шағын атом энергетикасына деген сұраныстың артуы жағдайында қалқымалы энергетикалық блоктар энергетикалық жүйенің құрылымын едәуір өзгерте алады. Олар теңізге шығатын жолы бар шалғай аумақтардағы қазіргі немесе ықтимал электр энергиясы тапшылығы мәселесін тиімді шешуге мүмкіндік береді. Мұндай қондырғылар «жасыл» батарея тәрізді ауа райы жағдайларына қарамастан бірнеше ондаған жыл бойы үздіксіз электр энергиясын өндіре алады. Сонымен қатар оларды өнеркәсіптік нысандарды да, ірі елді мекендер мен қалалық агломерацияларды да электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін пайдалануға болады.
Қазіргі уақытта әлемде жобалау сатысында тұрған шағын модульдік реакторлардың шамамен 80 жобасы бар. Ал «Росатом» идеяларды нақты инженерлік құрылғыларға айналдырып, оларды іс жүзінде жүзеге асыруды бастаған алғашқы компания. Бұл әсіресе қалқымалы энергетикалық блоктар саласында айқын көрінеді. 2020 жылдан бастап Ресейдің Чукотка өңірінде әлемдегі алғашқы қалқымалы атом электр станциясы – «Академик Ломоносов» жұмыс істеп келеді. Оның құрамында алдыңғы буынға жататын КЛТ-40С үлгісіндегі екі реактор бар. Осы уақыт ішінде станция шамамен 1,4 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндірген.
Жаңа қалқымалы энергетикалық блоктардың «жүрегі» РИТМ сериясындағы инновациялық кеме реакторлары болады. Олар алдыңғы буын үлгілерімен салыстырғанда қуаттырақ әрі ықшам және отынды қайта тиеуді сирек қажет етеді. Ресейдің атом мұзжарғыш флотында РИТМ реакторларын ұзақ жылдар бойы пайдалану олардың сенімділігі мен тиімділігін дәлелдеді. Сондықтан осы реакторлардың негізінде шағын атом энергетикасына арналған шешімдер, атап айтқанда, құрлықта да, суда да орналастыруға болатын шағын қуатты атом электр станциялары әзірлене бастады. Шетелдік нарықтар үшін жылы климат жағдайында жұмыс істеуге бейімделген РИТМ-200М реакторлық қондырғылары бар ПЭБ-100 қалқымалы энергетикалық блогының жобасы әзірленді. Бір энергетикалық блоктың қуаты 100 МВт болады.
Қазіргі уақытта «Росатом» Өзбекстанда РИТМ-200Н реакторлық қондырғылары бар экспортқа арналған алғашқы шағын қуатты атом электр станциясын (ШАЭС) салып жатыр. Сонымен қатар Чукотка автономиялық округіндегі мыс өндіретін ірі өнеркәсіптік кластерді электр энергиясымен қамтамасыз ететін РИТМ-200С реакторлық қондырғылары бар ПЭБ-106 үлгісіндегі қалқымалы энергетикалық блоктар сериясын салуда. Мемлекеттік корпорацияның Ресейден тыс елдерде де мол тәжірибесі бар. Қазіргі уақытта «Росатом» әлемде шетелде атом электр станцияларын салу жобаларының саны бойынша көшбасшы болып саналады. Компания тоғыз елде 27 энергетикалық блоктың құрылысын жүргізіп жатыр.
Ресей достас мемлекеттермен ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеді. Сыртқы шектеулерге қарамастан, Ресей экономикасы экспорттық әлеуетін арттырып, әлемнің әртүрлі елдеріне тауарлар, қызметтер мен шикізат жеткізуді жалғастыруда. Шетелдегі ірі энергетикалық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары да жалғасып жатыр. «Росатом» мемлекеттік корпорациясы мен оның бөлімшелері бұл жұмысқа белсенді қатысуда.