Алматыда автобустағы адам кептелісін рейс санын арттыру арқылы шешу мүмкін емес - әкімдік

Алматыда автобустағы адам кептелісін рейс санын арттыру арқылы шешу мүмкін емес - әкімдік
ЖИ: Dalanews.kz

Алматыда қоғамдық көліктердің шамадан тыс толып кетуіне қатысты тұрғындардың шағымы көбейіп отыр. Жақында Threads әлеуметтік желісінде қала тұрғыны №38 автобустың іші лық толы болғандықтан, есік жабылған кезде аяғын қысып қалғанын жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қаладағы көлік басқармасының мәліметінше, бұған дейін №38 автобустың қозғалыс кестесі қайта қаралған. Атап айтқанда, рейстер саны көбейтіліп, автобустардың аялдамада тұру уақыты қысқартылған. Алайда бұл шаралар мәселені толық шешпеген.

Басқарма өкілдері мұны жолдардағы көлік жүктемесінің жоғары болуымен түсіндірді. Әсіресе қарбалас уақытта кептеліс салдарынан автобустардың қозғалысы баяулап, кестеден ауытқиды. Соның салдарынан автобустар арасындағы уақыт ұлғайып, аялдамаларда жолаушылар жиналып қалады.

«Рейстер санын көбейту және қозғалыс кестесін өзгерту жолдардағы көлік жүктемесі бұрынғы деңгейде қалған жағдайда мәселені өздігінен толық шеше алмайды. Тіпті бағытқа жеткілікті автобус шығарылғанның өзінде, кептеліс олардың айналым уақытын ұзартып, қозғалыс тұрақтылығы мен белгіленген аралықтардың сақталуына әсер етеді», – деп түсіндірді басқарма.

Осылайша, көлік басқармасының пікірінше, автобустардың шамадан тыс толуын азайту үшін рейстер санын арттырумен қатар, жолдағы кептеліс мәселесін де ескеру қажет.