Қытайдың Pinduoduo сауда платформасы мен Claude жасанды интеллект көмекшісін әзірлеген америкалық Anthropic компаниясы Қазақстан бюджетіне жалпы сомасы 8 млрд теңге салық төледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, салықтық әкімшілендіру нәтижесінде Pinduoduo бюджетке 6,8 млрд теңге, яғни шамамен 15,1 млн доллар аударған. Ал Anthropic компаниясы өткен салық кезеңдері үшін 1,2 млрд теңге немесе шамамен 2,6 млн доллар төлеген.
Ведомствоның хабарлауынша, Anthropic камералдық бақылау нәтижесінде жіберілген хабарламаларды орындаған. Ал Pinduoduo бойынша төлемнің нақты қай салық кезеңдеріне қатысты екені нақтыланбаған.
Қазақстанда Farfetch платформасына қолжетімділік шектелді
Мемлекеттік кірістер комитеті салық талаптарын орындамаған шетелдік интернет-платформаларға қатысты шаралар да қолданылып жатқанын хабарлады.
Атап айтқанда, Ұлыбританияда тіркелген Farfetch платформасының операторына камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарлама жіберілген. Компания талаптарды орындамағаннан кейін Қазақстан аумағында оның интернет-ресурсына қолжетімділік шектелген.
Farfetch – танымал брендтердің киімдері, аяқкиімдері мен аксессуарлары сатылатын халықаралық онлайн-платформа.
Қолданыстағы заңнама шетелдік интернет-платформалар салық міндеттемелерін орындамаған жағдайда олардың интернет-ресурстарына қолжетімділікті шектеуге мүмкіндік береді. Бұл шара тиісті талаптарға жататын барлық шетелдік платформаларға қолданылады.
Осылайша, салықтық әкімшілендіру нәтижесінде Pinduoduo мен Anthropic Қазақстан бюджетіне қаражат аударса, Farfetch-ке қатысты салық талаптары орындалмағандықтан шектеу енгізілді.