Алматы тұрғындары “Ақсай нанның” ақ кірпіші дүкен сөрелерінен уақытша жоғалғанын мәлімдеді. Кәсіпорын мұны өндірістік желінің жөнделіп жатқанымен түсіндірген. Алайда әлеуметтік желіде зауыт қытайлық инвесторлардың қолына өтуі мүмкін деген сыбыс тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл мәселені Facebook қолданушысы Алексей Алексеев көтерді. Оның айтуынша, комбинат екі аптадан бері ақ кірпіш нанын шығармай отыр. Сондай-ақ әлеуметтік желіде зауытқа қытайлық кәсіпкерлер қызығушылық танытып жүр деген ақпарат тараған.
“Бұл – Алматыдағы ең танымал әрі дәмді нанның бірі. Ресми себеп – жабдықтың істен шығуы. Алайда мәселе мұнда емес, зауытқа қытайлықтар қызығушылық танытып жатыр деген сыбыс бар”, - деп жазды ол.
Ол кәсіпорынның жеке меншікте болуына қатысты сұрақ та қойды.
“Әлеуметтік маңызы бар мұндай нысан қалай жеке меншікке өтіп кеткен? Енді халық тұтынатын нанның өндірісі кәсіпорын иелерінің қалауына қарай тоқтай бере ме?” – дейді Алексей Алексеев.
Жазбаға жауап берген “Ақсай нан” өкілдері қалыпты нан өндірісінің уақытша тоқтағанын растаған. Компанияның мәліметінше, қазіргі уақытта осы өнімді шығаратын желі жөнделіп жатыр.
“Қазіргі уақытта қалыпты нан өндіретін желіде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада өндіріс пен өнім жеткізуді қайта бастауды жоспарлап отырмыз”, – деп хабарлады кәсіпорын.
Алайда компания жөндеудің қашан аяқталатынын және нанның дүкендерге нақты қай күні қайта жеткізілетінін айтпады.
Қытайлықтар зауытқа не үшін қызығушылық танытқан?
Ашық деректерден қытайлық инвесторлардың “Ақсай нан” комбинатын сатып алуға немесе кәсіпорынның меншік үлесіне кіруге ниетті екені туралы ресми ақпарат табылмады.
Қытайға қатысты әңгіменің шығуына компанияның экспорттық жоспары себеп болуы мүмкін. 2025 жылғы желтоқсанда “Ақсай нан” комбинатының бас технологі Гүлзат Жолмырзаева “МК-Казахстан” басылымына берген сұхбатында кәсіпорынның Қытай нарығына шығу мүмкіндігін қарастырып отырғанын айтқан.
Оның сөзінше, комбинат өкілдері Қытайдың Хайнань провинциясында өткен 28-ші халықаралық қысқы ауыл шаруашылығы өнімдері көрмесіне қатысқан. Көрме барысында Қытай өкілдері қазақстандық кәсіпорынның өнімдеріне, әсіресе кептірілген нан өнімдері мен “Шоко-сушкиге” қызығушылық танытқан.
“Бірнеше өкіл біздің өнімдерімізге қызығушылық танытты. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр”, – деген Гүлзат Жолмырзаева аталған басылымға берген сұхбатында.
Бас технолог Қытайды кәсіпорын үшін қызықты, бірақ өзіндік ерекшелігі бар нарық деп сипаттаған. Оның айтуынша, екі ел тұтынушыларының нан өнімдеріне қатысты талғамы әртүрлі. Мәселен, Қытайда шағын әрі жеке қапталған нан өнімдеріне сұраныс жоғары.
Комбинат кімге тиесілі?
Ашық реестрдегі мәлімет бойынша, “Ақсай” нан-тоқаш комбинаты – жеке меншіктегі, жұмыс істеп тұрған ірі кәсіпорын. Компания 1997 жылғы 14 наурызда тіркелген. Оның басшысы ретінде Зарина Сәрсенова көрсетілген.
Кәсіпорынның негізгі қызметі – нан-тоқаш және ұзақ сақталмайтын ұннан жасалған кондитерлік өнімдер өндіру. Ашық деректегі мәлімет бойынша, комбинатта шамамен мың адам жұмыс істейді.
“Ақсай нан” жеке кәсіпорын болғанымен, оның бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған қалыпты наны әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қатарына кіреді.
Бұған дейін Алматы әкімдігі нан бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпорынға жеңілдетілген қаржы берген. Әкімдіктің ресми хабарламасында “Ақсай нанның” бірінші сұрыпты ұннан жасалған қалыпты нанның босату бағасын бекіткені көрсетілген.
Алайда әлеуметтік маңызы бар өнім шығарғаны кәсіпорынның өзін автоматты түрде мемлекеттік немесе стратегиялық нысанға айналдырмайды. “Ақсай нан” – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндіретін жеке кәсіпорын.
Қандай ақпарат расталды?
Қазіргі уақытта ақ кірпіш нанның өндірістік желідегі жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша шығарылмай отырғаны ресми түрде расталған. Компания өндіріс пен өнім жеткізуді жақын арада қайта бастауға уәде берді.
Ал кәсіпорынды қытайлық инвесторларға сату немесе зауыт жұмысын осыған байланысты тоқтату туралы ақпаратқа дәлел табылған жоқ. Ашық деректерде Қытай тарапымен жүргізіліп жатқан келіссөздердің “Ақсай нан” өнімдерін экспорттауға қатысты екені ғана айтылған.