Атырау облысындағы Жангелдин ауылында болған қайғылы оқиғадан аман қалған Ақбаян Мұқанғалиева алғаш рет журналистерге сұхбат берді. Қазір туыстарының қамқорлығында жүрген бес баланың анасы денсаулығын қалпына келтіруге тырысып жатыр. Оның ең үлкен арманы – балаларымен қайта қауышу, деп dalanews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жангелдиндегі қайғылы оқиғадан кейін Ақбаян Мұқанғалиеваның тағдыры көпшілікті алаңдатқан еді. Қазіргі уақытта ол жақындарының қолдауымен оңалту шараларынан өтіп жатыр.
Телеарна мәліметінше, әйелдің бес баласы балалар үйінде тәрбиеленуде. Ақбаян оларға апта сайын барып, жағдайларын біліп тұрады.
Туыстары соңғы уақытта оның жағдайында оң өзгерістер байқалғанын айтады. Бұрын көп уақытын ұйқымен өткізген Ақбаян қазір айналасындағылармен сөйлесіп, күнделікті өмірге біртіндеп бейімделе бастаған.
"Ата-анасы мен бауырларын жиі сұрайды"
Ақбаянның жақындарының айтуынша, ол бұрынғы өміріндегі көптеген оқиғаны есіне түсіре алады. Ағайындарын таниды, балаларын біледі. Алайда өмірінің белгілі бір кезеңіндегі оқиғаларды еске түсіруде қиындықтары бар.
Соңғы уақытта ол туған ауылына барғысы келетінін айтып, ата-анасы мен бауырларының қайда екенін жиі сұрай бастаған.
Туыстары әзірге оған отбасының басына түскен қайғыны толық айтуға дайын емес. Олар мұндай хабардың Ақбаянның қазіргі жағдайына қалай әсер ететінінен алаңдайды.
"Қайда, ауылда ма?" деп сұрайды. Ауылға біржола барғысы келеді. Бауырларын сұрағанда, Түркияда деген ғой. "Қой, Шалқар деген айтты ғой, ауылда деп айтты ғой, апарам деп айтты ғой" дейді. Әлі дайын емес деген, сондықтан айтпай жүрміз. Айтқан жағдайдың өзінде қандай күйде болады, қайтып ауыртып аламыз ба деген сияқты ғой енді. Күтейік енді, аяғына тұрып алсын дегенге келтіріп тұрмыз енді", – дейді Ақбаянның әпкесі Әсила Мұқанғалиева.
"Кішкентайым алып кетші деп жылайды"
Ақбаян Мұқанғалиева журналистермен әңгімесінде балалары туралы да айтты.
Ол бес баласының әрқайсысының есімі мен туған жылын білетінін жеткізді. Қазір олармен кездесіп тұрады, алайда балаларын өзімен бірге алып кетуге әзірге мүмкіндігі жоқ.
"Кішкентайы жылайды, "алып кетші" деп. Үлкендері енді түсінеді", – деді Ақбаян.
Әйелдің айтуынша, денсаулығын қалпына келтіру үшін психологтың көмегіне жүгініп жүр.
Журналистің қазіргі жағдайы туралы сұрағына ол былай жауап берген:
"Иә, психологқа барып жүрмін. Таңертең, аптасына екі рет. Басқа ешқайда қаралып жатқан жоқпын. Басым мазаласа, кетеді ғой. Бірақ қатты ауырып жүргем жоқ", – деді ол.
Ақбаян бесінші баласын дүниеге әкелгеннен кейін денсаулығына байланысты ота жасалғанын айтып, сол кезеңнен кейінгі көптеген жағдайды ұмытып қалғанын жеткізген.
Дегенмен оның нақты диагнозы туралы дәрігерлердің ресми қорытындысы жарияланбаған.
Туыстары Ақбаянды Алматы немесе Астанаға апаруды жоспарлап отыр
Ақбаянның ағасы Шалқар Мұқанғалиев қарындасының жағдайында ілгерілеу бар екенін айтты. Алайда отбасы оңалту жұмыстарын тоқтатпай, оны тәжірибелі мамандарға қаратуды қалайды.
Жақындары Ақбаянның өмірге деген қызығушылығын қайта оятып, балаларын тәрбиелеуіне жағдай жасауды басты мақсат санайды.
"Ақбаянның өмірге деген құлшынысы жоғалған. Сол құлшынысты басынан қайта ояту керек. Біздің алдағы үмітіміз – бес баласын алып, өзі бақытты өмір сүрсе деген ниет. Нәтижесін көріп, аяқтан тұрып келе жатқанын көргеннен кейін, осы тоқтап қалмасын, әрі қарай дами берсін дейміз", – деді Шалқар Мұқанғалиев.
Оның сөзінше, туыстары Ақбаянды Алматы немесе Астана қалаларындағы білікті дәрігерлерге көрсетуді де қарастырып жатыр.
Алайда бұл үшін қосымша қаржы қажет.
"Бәлкім Атырауда кейбір қаралмаған нәрсені, бәлкім Алматы, Астанаға шығып, сол жақтағы мықты дәрігерлерге қаратамыз ба деген ойымыз бар. Ол жаққа апару үшін бізге қалай болғанда да қаражат керек. Ол қаражат өзімізден мүмкін емес болды", – деді ағасы.
Сондықтан отбасы Ақбаянның емін жалғастыру үшін көпшіліктен қаржылай көмек сұрауға мәжбүр болған.