77 млн теңге салық төленбеген: БҚО прокуратурасы заңбұзушылықты анықтады

77 млн теңге салық төленбеген: БҚО прокуратурасы заңбұзушылықты анықтады
Фото: ЖИ

Батыс Қазақстан облысында кәсіпорындардың бірінен салық заңнамасын бұзу дерегі анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін мемлекет қазынасына 77 миллион теңге қайтарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Заңбұзушылықты Тасқала аудандық прокуратурасы анықтаған. Тексеру барысында электронды шот-фактуралардағы мәліметтер кәсіпорынның салық есептілігімен салыстырылған.

Нәтижесінде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірі қосылған құн салығының (ҚҚС) сомасын төмендетіп көрсеткені белгілі болды.

Сонымен қатар уәкілетті орган камералдық бақылау кезінде анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы кәсіпорынға тиісті хабарламаны уақытылы жолдамаған.

Осыған байланысты прокуратура қадағалау актісін енгізіп, анықталған кемшіліктерді жоюды талап етті.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңбұзушылықтар түзетіліп, мемлекеттік бюджетке 77 миллион теңге көлеміндегі міндетті салық төлемдері өндірілді.