Елімізде жеті микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды

Елімізде жеті микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды
Фото: Depositphotos.com / freedomtumz

Қазақстанда азаматтардың құқықтарын жүйелі түрде бұзған жеті микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, жекелеген компаниялардың қызметін талдау кезінде қаржылық қызметтерді тұтынушылардың мүддесіне нұқсан келтірген заң бұзушылықтар анықталған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тексеру қорытындысы бойынша "MaxMoney", "Microfinance Systems", "SurfKaz Finance", "MFO№1", "Үміт Финанс", "Вивус" және "EL QAZYNA" микроқаржы ұйымдарының лицензиялары қайтарып алынды.

Енді аталған компанияларға микрокредит беруге тыйым салынады. Сондай-ақ заңда көзделген ерекше жағдайларды есептемегенде, олар қолданыстағы шарттардың талаптарын өзгерте алмайды.

Лицензиясынан айырылған ұйымдар 30 күн ішінде атауынан «микроқаржы» сөзін, одан туындайтын сөздер мен "МҚҰ" қысқартуын алып тастауы керек. Бұған қоса, компанияны қайта ұйымдастыруға немесе оның қызметін толық тоқтатуға міндетті.

Агенттік лицензияның қайтарылып алынуы қарызды жоймайтынын ескертті. Сондықтан бұл ұйымдардан микрокредит алған азаматтар берешегін шартта көрсетілген талаптар бойынша өтеуді жалғастырады.