Ресейге жұмыс істеу мақсатымен барған шетел азаматтарының арасында Қазақстан азаматтары төртінші орынға жайғасты. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Ресей шекарасынан өтіп, сапар мақсаты ретінде жұмысты көрсеткен қазақстандықтардың саны 122 мыңнан асты. Бұл туралы ТАСС агенттігі танысқан материалдарда айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Деректерге сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында Ресейге жұмыс істеу мақсатымен 122 654 Қазақстан азаматы барған. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан кейінгі төртінші орынға жайғасқан.
Ресейге жұмыс істеуге барғандар саны бойынша Өзбекстан азаматтары көш бастап тұр. Жарты жылда бұл елден 1 178 609 адам Ресейге кірген. Екінші орында – Тәжікстан азаматтары (494 518 адам), үшінші орында – Қырғызстан азаматтары (289 061 адам).
Ал Қытай азаматтары 89 656 адаммен бесінші орынға жайғасқан. Сондай-ақ Ресейге жұмыс істеу мақсатымен Армениядан 88 629, Әзербайжаннан 62 440, Үндістаннан 27 419, Түрікменстаннан 13 428 және Түркиядан 8 360 адам барған.
Қазақстан азаматтарына Ресейде жұмыс істеу үшін патент қажет емес
Ресейде шетел азаматтарын жұмысқа орналастыру тәртібі олардың азаматтығына байланысты өзгереді. Мәселен, Өзбекстан, Тәжікстан және Әзербайжан азаматтары Ресейде жұмыс істеу үшін тиісті еңбек патентін алуы керек. Ал Қазақстан, Қырғызстан және Армения азаматтарына мұндай патент талап етілмейді.
Қытай, Үндістан, Түрікменстан және Түркия азаматтары Ресейде жұмыс істеу үшін жұмыс визасын алып, еңбек етуге рұқсат рәсімдеуі қажет.
Қазақстан азаматтарына патенттің қажет болмауы екі елдің Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше болуымен байланысты. Одақ аясында Қазақстан азаматтары Ресейде жұмыс істеу үшін жеке жұмысқа рұқсат немесе патент алуға міндетті емес.