"Дос-Мұқасан" ансамблінің негізін қалаушы Мұрат Құсайыновқа Халық әртісі атағын беру ұсынылды

"Дос-Мұқасан" ансамблінің негізін қалаушы Мұрат Құсайыновқа Халық әртісі атағын беру ұсынылды
Фото: tengrinews.kz

Қазақстандықтар аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы Мұрат Құсайыновқа "Қазақстанның халық әртісі" атағын беруді ұсынып, петиция жариялады. Бастама мемлекеттік ePetition платформасында көтерілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Петиция авторлары Мұрат Құсайыновтың қазақ музыка өнерін дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, оның шығармашылығы мемлекеттік деңгейде лайық бағалануы тиіс деп есептейді.

Олардың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында бұл құрметті атақ көптеген өнер иесіне, соның ішінде жас буын өкілдеріне де берілген. Алайда қазақ эстрадасының қалыптасуына елеулі еңбек сіңірген Мұрат Құсайынов әлі күнге дейін аталған марапатқа ие болмаған.

Мұрат Құсайынов қазақ музыкасының тарихында өзіндік орны бар "Дос-Мұқасан" вокалды-аспаптық ансамблінің негізін қалаушылардың бірі ретінде танымал. 1967 жылы құрылған ұжым ұлттық ән өнерін заманауи музыкалық бағыттармен ұштастырып, қазақ эстрадасының дамуына тың серпін берді. Ансамбльдің орындауындағы көптеген ән бірнеше буын тыңдарманының сүйікті туындысына айналды.

Петицияға қатысты жарияланған ақпаратта мемлекеттік өтініштер платформасының қолжетімділігі мәселесі де көтерілген. Атап айтқанда, ePetition қызметінің eGov Mobile қосымшасына енгізілмегені айтылып, бұл азаматтардың петицияға қол қоюын қиындататыны сынға алынған.

Айта кетейік, қолданыстағы тәртіп бойынша республикалық деңгейдегі петиция уәкілетті мемлекеттік органның қарауына жолдануы үшін кемінде 50 мың азаматтың қолдауын жинауы қажет.

Осы талап орындалған жағдайда Мұрат Құсайыновқа "Қазақстанның халық әртісі" атағын беру туралы бастама тиісті мемлекеттік органдардың қарауына ұсынылуы мүмкін.