Әлия Назарбаеваның бұрынғы компаниясы жабылатын болды

Әлия Назарбаеваның бұрынғы компаниясы жабылатын болды
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаевамен бұрын байланыстырылған «Оператор РОП» компаниясы жеке заңды тұлға ретінде қызметін тоқтатпақ. Қазір Greens Development атауымен жұмыс істейтін кәсіпорын мемлекеттік «Жасыл даму» акционерлік қоғамына қосылады.

Бұл шешім Қазақстан Үкіметінің 2026 жылғы 22 шілдедегі №647 қаулысына сәйкес қабылданған. Құжатта мемлекеттік «Жасыл даму» акционерлік қоғамын оған Greens Development компаниясын қосу арқылы қайта ұйымдастыру көзделген.

Кейін, 25 қыркүйекте, Greens Development компаниясының жалғыз акционері де аталған шешімді мақұлдаған. Тиісті ақпарат Қаржылық есептілік депозитарийінде жарияланды.

«Greens development» акционерлік қоғамы «Жасыл даму» акционерлік қоғамына қосылу арқылы қайта ұйымдастырылсын», – делінген құжатта.

Қайта ұйымдастыру рәсімдерін жүргізу «Жасыл даму» компаниясының басқармасы мен Greens Development бас директорына жүктелген.

Осылайша, барлық қажетті рәсім аяқталғаннан кейін бұрынғы «Оператор РОП» жеке компания ретінде қызметін тоқтатады. Ал оның құқықтары мен міндеттемелері мемлекеттік «Жасыл даму» акционерлік қоғамына өтеді.