Мәслихат депутаттығына кандидаттарға қазынадан қанша қаржы берілмек?

Мәслихат депутаттығына кандидаттарға қазынадан қанша қаржы берілмек?
Фото: ЖИ

Қазақстанда 29 қарашаға белгіленген мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысатын әр кандидаттың үгіт жұмыстарына республикалық бюджеттен 700 мың теңгеге дейін қаражат қарастырылады. Бұл норма Орталық сайлау комиссиясының 26 қазанда қабылдаған қаулысында көрсетілген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құжатқа сәйкес, қаржының басым бөлігі кандидаттың сайлауалды бағдарламасын ақпарат құралдары арқылы таныстыруға жұмсалады. Теледидар мен радиода сөз сөйлеуге, сондай-ақ мерзімді басылымдарда немесе интернет-басылымдарда екі мақала жариялауға 410 мың теңге бөлінеді.

Бұдан бөлек, сайлаушылармен жария кездесулер өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға 180 мың теңге қарастырылған. Кандидаттың сайлауалды науқан кезіндегі көлік шығындарын өтеуге тағы 110 мың теңге беріледі.

Осылайша, бір үміткердің сайлауалды шығындарына бюджет есебінен жалпы 700 мың теңгеге дейін қаржы жұмсалады. Қаулы Астана мен республикалық маңызы бар қалалардағы, сондай-ақ облыстардағы мәслихат депутаттығына кандидаттарға қолданылады.