Президент Қазақстанда 2019 жылдан бері не өзгергенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Республика күніне арналған салтанатты жиында мәлімдеді.
"2019 жылдан бері экономикамыз 30 пайызға жуық өсті. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың доллардан асты. Былтыр 20 миллионнан аса шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл - бұрын-соңды болмаған көрсеткіш", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша біздің аймақта көш бастап тұр.
"Әлемдегі ең ықпалды елдердің қатарына қосылып, 34-орында тұрмыз. Еліміздің жалпы ішкі өнім көлемі 350 миллиард долларға жетіп келе жатыр. Бұл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі екінші орын деген сөз. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі айтарлықтай артты, яғни 40 пайызға жетті", - деді Президент.