Отбасы банк «Ипотека академиясының» жаңа маусымын іске қосты

Отбасы банк «Ипотека академиясының» жаңа маусымын іске қосты

Отбасы банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) жаңа білім беру жобасының бейнероликтері қазақстандықтар үшін қолжетімді болды. Оларды банктің YouTube-арнасынан табуға болады: Оқыту бейнероликтерінде мамандар қарапайым және түсінікті тілде білім алуға және өз баспанасын сатып алуға тиімді жинақтауға көмектесетін қаржылық құралдар туралы айтып береді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Материалдарды кез келген жерде: үйде, таксиде немесе жеке автокөлікте, серуендеуде өзіңізге ыңғайлы уақытта және қолайлы қарқынмен көруге және тыңдауға болады. «Ипотека академиясының» міндеті — қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, олардың салмақты қаржылық шешімдер қабылдауына көмектесу. Ресми дереккөзден алынған сенімді ақпарат Отбасы банкінің өнімдерін жақсырақ түсінуге, өз іс-әрекеттеріңізді дербес жоспарлауға және сыртқы делдалдардың көмегінсіз әрекет етуге мүмкіндік береді.

Мысалы, «Ипотека академиясының» соңғы шығарылымында салымшы Отбасы банкіндегі депозитте қаражат жинап жатқан кезде, «Maqsat» және «Sandyq» ерте брондау бағдарламалары арқылы өзіне ұнаған пәтердің бағасын қалай «мұздатып» қоюға болатыны туралы айтылды.

«Maqsat» механизмі клиентке құрылыс кезеңінде пәтерді тіркелген құны бойынша брондау мүмкіндігін береді. Клиент банкте қарыз бойынша мақұлдау алып, пәтерді таңдайды және брондайды. Содан кейін депозит ашып, белгіленген мерзімде (14 айға дейін) оған қарыз сомасының 20%-дан 50%-ға дейінгі мөлшерінде алғашқы жарнаны жинақтайды. Қажетті сома жиналған кезде пәтерді сатып алуға болады.

«Sandyq» механизмі көбінесе дайын тұрғын үйді сатуға бағытталған. Оның көмегімен клиент аралық қарыз алу үшін қойылатын талаптарды әлі орындамаған болса да, пәтер сатып ала алады. Мысалы, егер оның Отбасы банкіндегі депозитінде қарыз сомасының 50%-ы жинақталып үлгерсе, бірақ бағалау көрсеткіші (БК) әлі ең төменгі 5 мәніне жетпесе. Бұл жағдайда салымшы бәрібір өзіне ұнаған пәтерді тіркелген бағамен брондай алады. Аралық қарыз бойынша барлық шарттар орындалғанға дейін пәтер оны күтіп тұрады.

Яғни, «Maqsat» пен «Sandyq» механизмдерінің негізгі артықшылығы — клиент алдымен пәтерді таңдайды, құнын бекітеді, тұрғын үйді брондайды, содан кейін барып банктің стандартты шарттарын орындайды: қаражат жинақтайды және бағалау көрсеткішінің ең төменгі мәніне қол жеткізеді.

Құрылыс салушылар үшін «Sandyq» және «Maqsat» механизмдері тұрғын үйдің сатылуын тездетуге, сатылмаған пәтерлер көлемін азайтуға және көбірек әлеуетті сатып алушыларды тартуға мүмкіндік береді. Осы механизмдер аясында Отбасы банкімен жұмыс істеу үшін тиісті келісімшарт жасасу қажет.

Екі механизм де тәжірибеде қолданылып жатыр. Сондықтан пәтер таңдамас бұрын, клиенттерге құрылыс салушыдан оның «Sandyq» немесе «Maqsat» аясында Отбасы банкімен жұмыс істейтінін нақтылап алу ұсынылады.

Сонымен қатар «Ипотека академиясының» жаңа шығарылымдарынан «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы бойынша есептелген қаражатты қайда жұмсауға болатынын білуге болады, «AQYL» депозиті арқылы білім алуға ақша жинаудың неліктен тиімдірек екені түсіндіріледі, «Ұмай» бағдарламасының артықшылықтары неде екені және «Наурыз» бағдарламасына қатысу кезінде Отбасы банкіндегі депозиттегі жинақтардың неліктен соншалықты маңызды екені айтылады.

Биыл Отбасы банкі барлығы 10 ақпараттық бейнеролик шығарады. Барлық материалдар банктің YouTube-арнасында орналастырылады және кез келген адамға мүлдем тегін қолжетімді.

«Ипотека академиясы» жобасы 2023 жылы басталған болатын және осы уақыт ішінде қазақстандықтар үшін сұранысқа ие ақпарат көзіне айналды. Қазақ және орыс тілдерінде барлығы 70 бейнеролик жарық көрді. Бұл материалдарды шамамен 1,5 миллион адам көріп, зерттеп үлгерді.

Банк қаржылық құралдарды қарапайым тілмен түсіндіре отырып, адамдарға өз мүмкіндіктерін дұрыс есептеуге, қарыз алу шарттарын алдын ала бағалауға және дербес түрде салмақты шешімдер қабылдауға көмектеседі. Мұндай білім қазақстандықтарға отбасылық бюджетті сенімдірек жоспарлауға және тұрғын үй мәселесін делдалдарсыз шешуге мүмкіндік береді.

Ең маңыздысы, «Ипотека академиясының» жаңа шығарылымдары енді сурдоаудармамен сүйемелденеді. Бұл пайдалы ақпараттың кеңірек аудиторияға, соның ішінде есту қабілеті бұзылған қазақстандықтарға да қолжетімді болуына жасалған маңызды қадам. Сурдоаударма көрермендерге бейнероликтердің мазмұнын толық қабылдауға, тұрғын үй бағдарламаларының шарттарын түсінуге, қаржылық терминдерді ұғынуға және үшінші тұлғалардан қосымша түсініктеме сұрамай-ақ ақпарат алуға көмектеседі.