“Ұлттық қор - балаларға”: 7 миллион баланың шотына 2,5 млрд доллар аударылды

“Ұлттық қор - балаларға”: 7 миллион баланың шотына 2,5 млрд доллар аударылды
Фото: ЖИ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, 2019 жылдан бері Қазақстан экономикасы шамамен 30 пайыз өскен, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың доллардан асты. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллион баланың есепшотына 2,5 миллиард доллар аударылды. Былтыр 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтағанын да атап өтті. Дүниежүзілік банктің дерегіне сүйенсек, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша аймақта алдыңғы орында тұр.

Президенттің сөзінше, елдің жалпы ішкі өнімі 350 миллиард долларға жақындаған. Осылайша Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында екінші орынға шықты және әлемдегі ірі экономикалар тізімінде 34-орында тұр.

"Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті. Кәсіпкерлер отандық тауар өндірісін ұлғайтып, жаңа іскерлік мәдениет қалыптастырып келеді. Қазір бұл салада еңбекке жарамды азаматтардың жартысына жуығы жұмыс істейді", – деді Мемлекет басшысы.