"Қызым еңбектей бастады": Төреғали Төреәлі дәрігерге 1 миллион теңге сыйлады

"Қызым еңбектей бастады": Төреғали Төреәлі дәрігерге 1 миллион теңге сыйлады
Төреғали Төреәлі. Фото: instagram.com/toregalitoreali

Белгілі әнші Төреғали Төреәлі үлкен қызы Кәусардың емделуіне көмектесіп жүрген дәрігерге 1 миллион теңге сыйға тартты. Өнер иесі қызының еңбектеуді үйренгеніне қуанып, маманға ерекше алғыс білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әнші әсерлі сәттің бейнежазбасын Instagram парақшасында жариялаған.

Видеодан Төреғали Төреәлінің қызы ем қабылдап жүрген орталыққа арнайы барғанын көруге болады. Ол мекемеде ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға қатысып, жиналғандарға бірнеше ән орындаған.

Кездесу барысында өнер иесі қызының емделуіне атсалысып жүрген дәрігерге тосынсый жасаған.

Төреғали Төреәлі дәрігерге 1 миллион теңге табыстап, оның еңбегіне ризашылығын білдірген. Әншінің қуанышына үлкен қызы Кәусардың денсаулығындағы оң өзгерістер себеп болған. Жарияланған ақпаратқа сәйкес, бала емдеу және оңалту шараларының нәтижесінде еңбектеуді үйренген. Бұл жаңалық Төреғали Төреәлінің отбасы үшін ерекше қуанышты оқиғаға айналған. Өнер иесі дәрігерге сыйлығын табыстаған сәтте балалардың сауығып кетуін тілеп, жүрекжарды өлең жолдарын оқыды.

"Жанары тұрған шіркін жанып оттай,
Бөбектерді шетелге жамыратпай.
Бір күнде бұйрық келіп Жаратқаннан
Барлық бала кетсе екен шауып аттай!" – деді әнші.