Қазақстанда 21 уақытша сақтау қоймасының жұмысы тоқтатылды

Қазақстанда 21 уақытша сақтау қоймасының жұмысы тоқтатылды
pixabay.com

Қазақстанда кеден заңнамасын бұзған 21 уақытша сақтау қоймасының қызметі тоқтатылып, олардың иелеріне қатысты 23 әкімшілік материал жасалған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстанда уақытша сақтау қоймаларының (УСҚ) қызметіне жүргізілген талдау нәтижесінде кеден заңнамасының жүйелі бұзушылықтары анықталды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлады.

Көлік прокуратурасы органдарының талдауы ел аумағындағы уақытша сақтау қоймаларының бірқатарында тізілімге енгізу үшін қажетті талаптар сақталмағанын көрсеткен.

Атап айтқанда, кейбір қоймаларда теміржол жолдары, бетоннан жасалған қатты жабын, бақылау-өткізу пункттері, бейнебақылау камералары мен қоршаулар болмаған.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 21 қойманың қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар олардың иелеріне қатысты 23 әкімшілік материал рәсімделген. Бұдан бөлек, Мемлекеттік кірістер комитеті аумақтық бөлімшелерге уақытша сақтау қоймаларының қызметін бақылауды ұйымдастыруды жетілдіру жөнінде ұсынымдар берген.

Прокуратураның мәліметінше, уақытша сақтау қоймаларының жұмысын талапқа сай ұйымдастыру жүк өңдеу жылдамдығына, тауар айналымының үздіксіздігіне, тасымалданатын жүктердің сақталуына және елдің инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер етеді.

Кеден саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау жұмыстары жалғасып жатыр.