Астанаға кіреберістегі бекеттердің бірінде 44 жастағы ер адамнан 3 келіден астам мефедрон тәркіленді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Астанаға кіреберісте 3 келіден астам мефедрон тасымалдаған 44 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Полиция мәліметінше, ер адам басқарған Toyota автокөлігі қаланың кіреберісіндегі бекеттердің бірінде тоқтатылған. Құқық қорғау органдарының болжамынша, ол есірткіні кейіннен сату мақсатында тасымалдаған.
Көлікті тінту кезінде салоннан ұнтақ тәрізді зат салынған, өзіне тән иісі бар алты брикет табылып, тәркіленген. Кейін ұсталған азамат қала аумағында бұған дейін есірткі жасырған орындарды көрсеткен. Аталған жерлерден табылған заттар да тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат мефедрон болып шыққан. Оның жалпы салмағы 3 келіден асқан.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынған. Қазір құқық қорғау органдары заңсыз әрекетке қатысы болуы мүмкін басқа да адамдарды анықтап жатыр.