Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды түгендеу жұмыстары басталды. «Отбасы банк» жүргізген тексеріс нәтижесінде кезекте тұрғандардың бір бөлігі баспанаға мұқтаж азаматтарға қойылатын талаптарға сай келмейтіні анықталған. Олардың арасында жылжымайтын мүлікте үлесі бар адамдар, тіпті 10 немесе одан да көп пәтері бар азаматтар да кездеседі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тұрғын үй кезегінен шығаруға негіз болатын басты себептердің бірі – азаматтың жеке баспанасының болуы. Сондай-ақ Қазақстан азаматтығынан айырылып, басқа елге қоныс аударған адамдар да кезектен шығарылуы мүмкін.
Бұл ретте азаматтың табыс деңгейі тұрғын үй кезегінде тұру құқығына әсер етпейді. Қазіргі уақытта әкімдіктерден тұрғын үй алған немесе жеңілдетілген ипотекалық несие рәсімдеген азаматтарға 30 мыңнан астам хабарлама жіберілген.
Егер азаматтың жеке кабинетінде тұрғын үй кезегіндегі мәртебесі «Тоқтатылды» деп өзгерсе, «Отбасы банкке» жүгініп, оның себебін анықтау қажет.