Қазақстанда бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеу үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалану ұсынылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақорда мәліметінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев макроэкономикалық тұрақтылықты ұзақ мерзімге қамтамасыз ету үшін бюджет саясатын реттеу қажеттігін айтты.
Президенттің сөзінше, былтыр қабылданған Бюджет кодексі мемлекет қаражатын тиімді басқаруға және қаржылық тәртіпті күшейтуге мүмкіндік берген. Алайда бюджет шығындары жыл сайын артып келе жатқандықтан, қаражатты жоспарлау мен басқару сапасын одан әрі жақсарту қажет.
«Орынсыз, тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект технологиясының мүмкіндігін пайдаланған дұрыс», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент мемлекеттік қазына жүйесін толық цифрландыруды аяқтап, бюджет қаражатын басқарудың ортақ тәсілдерге негізделген автоматтандырылған жүйесін құру қажеттігін атап өтті.
Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банктен осы бағыт бойынша нақты ұсыныстар күтетінін айтты.