Қазақстанда реформаларды табысты жүзеге асыру үшін заңдарды жетілдірумен қатар, қоғамның санасын жаңғыртып, жаңа этиканы қалыптастыру қажет, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақорда мәліметінше, бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы «Адал азамат» идеологиясы қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы керектігін атап өтті.
«Отаншыл болу – заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, ел игілігі үшін табанды еңбек ету деген сөз. Заңға құрметпен қарайтын адам әрқашанда табысты болады», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан әр азаматтың дамуына жол ашатын, баршаға тең мүмкіндік беретін, бірлігі бекем, әділетті әрі өркениетті мемлекет болуы керек.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазіргі заманда білім мен ғылымның, озық инновациялар мен жаңа технологиялардың маңызы артып отырғанын айтты. Оның сөзінше, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел ғана дамудың жаңа деңгейіне көтеріле алады.
«Мемлекетімізге мықты ғалымдар, кәсіби инженерлер, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер әрқашанда керек болады. Мен ұлтымыздың көшін алға бастай алатын отаншыл азаматтарға зор үмітпен қараймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жолдаудың қорытынды сөзінде Президент ел алдында тұрған тарихи міндеттерді табысты жүзеге асыру қажеттігін айтып, әр азаматтың дамуына және қоғамның өркендеуіне мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстан құру мақсатын атап өтті.
«Отанымыз – Қазақ елі мәңгі жасасын!» – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.