Тоқаев Qarmet кәсіпорнына ұқсас өндірістерді тағы үш облыста ашу жоспарына күмән келтірді

Тоқаев Qarmet кәсіпорнына ұқсас өндірістерді тағы үш облыста ашу жоспарына күмән келтірді
Akorda.kz

Қазақстанда Qarmet кәсіпорнына ұқсас металл өндірістерін тағы үш облыста ашу жоспарланған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай шешімдердің экономикалық тиімділігіне күмән келтіріп, өндірісті өңірлердің қажеттілігіне сай жоспарлауды тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақорда мәліметінше, Мемлекет басшысы елдің жаһандық өндіріс тізбегіне қосылуы үшін сирек кездесетін және түсті металдардың ұлттық қорын қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар экспорттық саясатты осы мақсатқа сай жүргізіп, дамыған елдермен стратегиялық серіктестік орнату керектігін айтты.

Президент жаңа кәсіпорындар жергілікті бизнестің жұмысына орынсыз кедергі келтірмеуі керек екенін ескертті. Оның айтуынша, инвестиция тарту кезінде әр өңірдің ерекшелігін, салалық қажеттілігін және нарықтағы сұранысты мұқият зерттеу қажет.

«Елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өңірлердің жекелеген кәсіпорындарға тәуелді болып қалмауы керектігін айтып, өндіріс төңірегінде білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету, сабақтас өндірістер мен технологиялық кәсіпкерлікті қамтитын тұтас экожүйе қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Ауыл шаруашылығын қаржыландыру

Президент ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту үшін фермерлерге ұзақ мерзімді инвестициялық қаржы ұсынатын тиімді тетіктер қажет екенін айтты.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы шамамен 6%-ға өсіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі өнім көлемі 15 трлн теңгеге жеткен. Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеден 1,5 трлн теңгеге дейін ұлғайған.

Алайда бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналым қаражатын толықтыруға жұмсалып отыр. Осыған байланысты Үкіметке фермерлерді ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз етудің пәрменді тәсілдерін енгізу тапсырылды.

Сонымен қатар «Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібінде жалпы құны 500 млрд теңгеден асатын перспективалы жобалар тізімін әзірлеген.

Тоқаев сапалы жобаларды іске асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген қаржыландыруды созбалаңға салмай, қажетті қаражатты жедел бөлудің маңызын атап өтті.

Бұдан бөлек, Президент отандық өндірістегі технологиялық тұрғыдан озық тракторлар мен комбайндардың санын арттырып, ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртуды тапсырды.