Алматының Медеу ауданында көшелерді жарықтандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері бұрын жарық болмаған 43 учаске қамтылды. Жоба аясында 244 бағана мен 303 жарық шамын орнату көзделген. Жарықтандыру желілерінің жалпы ұзындығы 8,3 шақырымнан асады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазір бірқатар учаскеде жұмыс аяқталып, қалған аумақтарда шамдар орнатылып жатыр. Олардың қатарында Құлжа тас жолынан Талғар тас жолына дейінгі Тексай өзенінің бойы, Шевченко көшесі, 28-үй, Монтажник көшесі, 36-үй, Тополевая көшесінің Есенберлин көшесінен Орманов көшесіне дейінгі бөлігі, Сұлусай шағынауданы және Медеу көшесі, 11-мекенжайындағы баспалдақ бар.

Бұған дейін жарық болмаған Қасым Қайсенов көшесіне де жаңа шамдар орнатылды. Мұнда 21 бағана, оның ішінде екі қос иінді бағана және 23 жарық шамы орнатылды. 900 метр өздігінен көтергіш оқшауланған сым тартылып, қолданыстағы сымның бір бөлігі ауыстырылды.

Бұл жұмыстар жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін арттырып, кешкі және түнгі уақытта жүріп-тұруға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.