Павлодар облысының Май ауданында мәслихат депутаттығына кандидат ретінде құжат тапсыруға барған Бағлан Зиябеков полиция бөліміне күштеп жеткізілгенін мәлімдеді. Оқиға туралы видеоны қоғам белсендісі Оңғар Қабден әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бағлан Зиябековтің айтуынша, оқиға 2026 жылғы 27 қазанда №6 округтік сайлау комиссиясының ғимаратында болған. Бұл күні кандидаттардан құжат қабылдау мерзімі аяқталуға тиіс болған.
"Депутаттыққа сайлауға қатысу үшін құжат тапсыратын кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері бастаған полиция қызметкерлері қолымды қайырып, сайлау комиссиясының ғимаратынан полиция бөліміне алып кетті", – деді ол видеода.
Бағлан Зиябеков өзінің 2023 жылы Май аудандық мәслихатының депутаттығына сайланғанын айтты. Оның сөзінше, сол кездегі сайлауда AMANAT партиясы аудандық филиалының басшысымен бәсекеге түсіп, сайлаушылардың басым дауысын жинаған.
"2023 жылы Павлодар облысы Май аудандық мәслихатының депутаттығына AMANAT партиясының басшысымен бірге сайлауға түстім. Тұрғындардың қолдауымен айқын басымдықпен жеңіп, депутат атандым. Депутат болған кезімде жемқорлыққа қатысты мәселелерді ашық көтеріп, әділ сайлау туралы бірнеше рет айттым", – деді Зиябеков.
Оның мәлімдеуінше, депутаттық өкілеттігі тоқтағаннан кейін қайтадан сайлауға қатысу үшін 27 қазанда №6 округтік сайлау комиссиясына құжат тапсыруға барған. Алайда комиссия орналасқан ғимаратқа жетпей жатып, белгісіз адамдар оның жолын бөгемек болған.
"Бара жатқан жолымда бейтаныс адамдар мені тоқтатуға әрекет жасады. Кедергілерге қарамастан, №6 округтік сайлау комиссиясының ғимаратына кірдім. Өтініш бланкісін сұрағанымда, қызметкерлер компьютер жұмыс істемей тұрғанын айтып, бере алмады", – дейді ол.
Бұдан кейін ғимаратқа полиция қызметкерлері келген. Зиябековтің сөзінше, тәртіп сақшылары оны сол жерден алып кетуге әрекет жасаған. Ал сайлау комиссиясының өкілдері ноутбуктің құпиясөзін ұмытып қалғанын және өтінішті басып шығара алмай отырғанын айтып, күте тұруын сұраған.
"Аудандық сайлау комиссиясының басшысы Марина Валерьевнаға шағымданып, маған неге өтініш берілмей жатқанын түсіндіруді сұрадым. Өзімнің азаматтық құқығымды талап еттім. Кейін ғимаратта дабыл қағылып, өрт сөндіру көліктері келді. Бізді сыртқа шығуға мәжбүрледі", – деді Бағлан Зиябеков.
Оның айтуынша, ғимараттан шыққаннан кейін өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырған Ерсінбек есімді адам полиция өкілдерімен сөйлескен. Осыдан соң тәртіп сақшылары оның қолын қайырып, полиция бөліміне алып кеткен.
Қоғам белсендісі Оңғар Қабденнің жазуынша, Бағлан Зиябеков полиция бөлімінен сол күні сағат 18:00-де босатылған. Ал аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Зиябеков сағат 18:05-те келгенін алға тартып, оның өтінішін қабылдаудан бас тартқан. Құжат қабылдаудың соңғы күні 27 қазан болған.
Оңғар Қабден Бағлан Зиябековтің 2018 жылы арнайы бағдарлама бойынша Жетісайдан Павлодар облысының Май ауданына көшіп келгенін жазды. Белсендінің мәліметінше, Зиябеков депутат болған кезінде құны 610 миллион теңге болатын аурухананың дренаж жүйесіне және 200 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған понтон көпірінің құрылысына қатысты мәселелерді көтерген.
Әзірге Павлодар облысының полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органы және облыстық сайлау комиссиясы Бағлан Зиябеков пен Оңғар Қабденнің мәлімдемесіне ресми түсініктеме берген жоқ.