Қазақстанның 20 өңірінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа форматтағы арнайы мектептер салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Бүгінде елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тұрады. Оларға қолдау көрсететін 541 арнайы ұйым жұмыс істейді.
Президент Жолдауын іске асыру аясында 20 өңірде жалпы 1 мың орындық жаңа форматтағы арнайы мектептер салу көзделген. Сонымен қатар облыстарда 600 орындық оңалту және сауықтыру кабинеттері бар ұйымдар ашу жоспарланып отыр.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлауға да басымдық беріледі. Қазір мұндай мамандар 17 педагогикалық жоғары оқу орнында және 9 колледжде дайындалады. 2027 жылы колледждер 500-ден астам логопед даярлауды жоспарлап отыр.
Балаларға жеке қолдау көрсетуде педагог-ассистенттердің рөлі де маңызды. Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарында 7,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді. Биылғы оқу жылында алты колледжде осы мамандық бойынша кадр даярлау басталып, 210 студент қабылданған.
Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте анықтау үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар ашу нормативтері қайта қаралады. Қазір бір консультация ашу нормативі 50 мың балаға шаққанда белгіленсе, оны 40 мың балаға шаққандағы есеппен өзгерту көзделіп отыр.
Арнайы ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары да жалғасады. 2024 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 99 арнайы мектептің оқу кабинеттері мен шеберханалары жаңартылған.
Бұдан бөлек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау жүйесін жетілдіру мақсатында Инклюзивті білім беруді дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді жоспары бекітілді. Құжат өңірлерде білім беру қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.