Қазақстанда алдағы үш жылда жалпы аумағы 100 мың шаршы шақырымға жуық жерде геологиялық барлау бойынша 20 жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді.
Мемлекет басшысының жер қойнауын кешенді зерттеу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Қазақстанда алғаш рет 1:50 000 масштабындағы мемлекеттік геологиялық түсірілім басталды. Сонымен қатар салада ауқымды цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Вице-министрдің айтуынша, жасырын кен орындарын анықтау үшін дәстүрлі әдістермен қатар заманауи технологиялар да қолданылады. Олардың қатарында Ionic Leach технологиясы, спутниктік деректер, ұшқышсыз ұшу аппараттары және жасанды интеллект бар.
Қазіргі уақытта жеті нысанның перспективалылығы бойынша алдын ала деректер алынған. Расталған учаскелерді келесі жылы аукционға шығаруға дайындау жоспарланып отыр.
Геологиялық саланы цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында 70 мыңнан астам геологиялық есеп пен 109 мың зерттелген аумақтың контуры орналастырылған.
Бұдан бөлек, геологиялық бастапқы ақпараттың барлығы толық цифрландырылған. Оның жалпы көлемі шамамен 4,8 млн бірлікті құрайды.