Шаруаларға несие, техникаға қолдау: агросаланы қаржыландыру көлемі артады

Шаруаларға несие, техникаға қолдау: агросаланы қаржыландыру көлемі артады
pixabay.com

Қазақстанда ауыл шаруашылығын жеңілдетілген қаржыландыру көлемін ұлғайту, мал шаруашылығын қолдау және отандық ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін дамыту жоспарланып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

2026 жылы «Бәйтерек» холдингі арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне ұзақмерзімді қарыз беруге 270 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар мал шаруашылығын қолдауға 84 млрд теңге, ал отандық ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін дамыту үшін «ҚазАгроҚаржы» арқылы 50 млрд теңге бюджеттік несие бөлу ұсынылып отыр.

Министрдің айтуынша, шаруаларды ұзақмерзімді жеңілдетілген қаржыландыру үшін бюджет қаражаты мен коммерциялық ресурстарды біріктіру тетігі қарастырылған. Бұл қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қаражат жеткіліксіз болған жағдайда да қаржыландыруды уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы мақсатта «Бәйтерек» холдингі купондық сыйақыны субсидиялау тетігі арқылы бюджеттен тыс қаражат тартуды жалғастырып, оны агроөнеркәсіп кешенін несиелендіруге бағыттауы қажет.

Бұдан бөлек, «ҚазАгроҚаржыға» қосымша 37,5 млрд теңге бөлу ұсынылды. Бұл қаражат 2027 жылы ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингіне 200 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңінен тарату бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға жеңілдетілген несие беру үшін қосымша 50 млрд теңге бөлу ұсынылып отыр.