Қытайдың Хайнань аралынан Астанаға бағыт алған 150-ден астам жолаушы бір тәуліктен бері әуежайда рейсін күтіп отыр. Бұл туралы Threads қолданушысы жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жазба авторының мәліметінше, жолаушылар арасында 30-ға жуық қарт адам мен 20 бала бар. Рейстің не себепті кешіккені және оның қашан орындалатыны жөнінде нақты ақпарат берілмеген.
"Балалар мен қарттар әуежайдағы орындықтарда ұйықтап жатыр. Air Astana өкілі жағдайды нақты түсіндіре алмады", – делінген жазбада.
Жолаушылар әуе компаниясынан жедел түсініктеме беріп, азаматтардың елге оралуына жағдай жасауды сұрап отыр.
Әзірге Air Astana тарапынан оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жарияланған жоқ. Редакция әуе компаниясына ресми сауал жолдады.