Франциядағы жаппай ереуіл: Эйфель мұнарасы жабылып, 448 адам ұсталды

Франциядағы жаппай ереуіл: Эйфель мұнарасы жабылып, 448 адам ұсталды
Франция ІІМ

Францияда 5 қараша күні ауқымды наразылық акциялары өтіп, елдегі жағдай күрделене түсті. Ереуіл салдарынан мектептер, ауруханалар мен қоғамдық көлік жұмысына кедергі келді. Парижде Эйфель мұнарасы мен Лувр музейінің кейбір көрме залдары жабылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

BBC мәліметінше, жалпыұлттық ереуілді бес кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған. Оларға жоғары сынып оқушылары, студенттер және тұрмыс құнының өсуіне наразы тұрғындар қосылған. Наразылық білдірушілер бұл акцияларды күрестің «тек бастамасы» деп атады.

Ереуілге шыққандар ең төменгі жалақыны көтеруді, білім беру саласын қаржыландыруды арттыруды және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуды талап етті.

Елдегі наразылыққа қатысқандардың саны жөнінде ресми деректер әртүрлі. Le Monde басылымы Жалпы еңбек конфедерациясына (CGT) сілтеме жасап, шеруге шамамен 1,6 миллион адам қатысқанын жазды. Оның 350 мыңы Париж көшелеріне шыққан.

Ал Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, наразылыққа ел бойынша 575 мың адам қатысқан. Оның ішінде 65 мыңы – Париж тұрғындары.

Министрлік шерулердің басым бөлігі салыстырмалы түрде тыныш өткенін хабарлағанымен, Ренн, Тулуза, Париж, Бордо және Страсбург қалаларында полиция мен демонстранттар арасында қақтығыс болған. Құқық қорғау органдары көзден жас ағызатын газ бен су атқыш көліктерді қолданған.

Кейбір көшелерде өрт шыққан. Тулуза қаласына жақын жерде мектеп ғимараты өртеніп кеткен.

Соңғы мәлімет бойынша, Францияда 448 адам ұсталып, қауіпсіздік күштерінің 53 қызметкері жарақат алған. Наразылық білдірушілер арасында зардап шеккендер бар-жоғы туралы әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Үкімет кәсіподақтармен келіссөз жүргізбек

9 қарашада Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню «әлеуметтік конференция» өткізеді. Кездесуге кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің өкілдері қатысып, жалақы мәселесі мен халықтың сатып алу қабілетін талқылайды.

Айта кетейік, Францияда биыл күзде наразылық акциялары алғаш рет өтіп отырған жоқ. Қазан айында да елдің әртүрлі аймақтарында шерулер ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, екі мыңнан астам адам ұсталған.