Қазақстан 2027 жылы мұнай өндіру көлемін шамамен 99 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкіметтегі баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, биыл мұнай өндіру жоспары әзірге орындалып жатыр. 2026 жылға арналған көрсеткіш 96 млн тонна болып бекітілген.
«Келесі жылға арналған көрсеткішті қазір айқындап жатырмыз. Менің ойымша, шамамен 99 млн тонна өндіру көзделеді», – деді Ерлан Ақкенженов.
Журналистердің келесі жылы мұнай өндіру көлемі арта ма деген сұрағына министр оң жауап берді.
Айта кетейік, Қазақстан 2026 жылы бастапқыда 100 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлаған. Алайда Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына жасалған шабуылдардан кейін жоспар кезең-кезеңімен қайта қаралып, 96 млн тоннаға дейін төмендетілді.