Алматыдағы ЖЭО құрылысы қашан аяқталады: министр нақты мерзімін атады

Алматыдағы ЖЭО құрылысы қашан аяқталады: министр нақты мерзімін атады
Фото: ЖИ

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Алматыдағы жылу электр орталықтарын жаңғырту жұмыстарының барысы туралы айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның мәліметінше, ЖЭО-2 нысанын 2026 жылғы 25 желтоқсанда толық іске қосу жоспарланған. Ал ЖЭО-3 құрылысының қазіргі қарқыны көңіл көншітпейді.

НеХабар дерегіне сүйенсек, мнистр "Самұрық-Энергоның" бұрынғы басшысы Қайрат Мақсұтовтың қызметтен босатылуына қатысты да пікір білдірген. Айтуынша, компанияның экс-басшысына құрылыс мерзімдерінің бұзылып, жоспарланған жұмыс көлемінің орындалмай жатқаны бірнеше рет ескертілген.

Ақкенженов бұл жағдайға Энергетика министрлігі де жауапты екенін мойындады. Дегенмен "Самұрық-Энерго" құрылыс барысын тәуелсіз бақылауды қамтамасыз етуге тиіс болғанын атап өтті.

Енді компанияның жаңа басшысы Ансар Айдаровқа жобалардың белгіленген уақытта аяқталуын қадағалау міндеті жүктеледі. Министрдің сөзінше, ЖЭО-3 2027 жылдың соңына дейін дайын болуы керек.

Сонымен қатар Ерлан Ақкенженов Алматыдағы жылу электр орталықтары газға көшірілгеннен кейін көмірдің қалай пайдаланылатынын түсіндірді. ЖЭО-2-де көмір тек резервтік отын ретінде сақталады. Ал ЖЭО-3-тің көмір жағатын бөлігі толығымен бұзылады деп жоспарланып отыр.