Қазақстандық ветеринарлар арнайы киімді өз ақшасына сатып алуға мәжбүр

Қазақстандық ветеринарлар арнайы киімді өз ақшасына сатып алуға мәжбүр
pixabay.com

Қазақстандық ветеринарлар арнайы киімді өз қаражатына сатып алуға мәжбүр. Жазғы киімнің құны 70–80 мың теңге болса, қысқы форманың бағасы 200 мың теңгеден асады. Бұл туралы Құрылтай депутаты, Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Серік Егінбаев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, ветеринар мамандардың орташа жалақысы бүгінде 220 мың теңгені құрайды. Ал арнайы киімнің қымбаттығы олардың әлеуметтік жағдайына қосымша салмақ түсіріп отыр.

«Қазір ветеринар дәрігерлер арнайы киімді өз қаражатына сатып алады. Жазғы форманың құны шамамен 70–80 мың теңге. Ал қысқы киім климаттық ерекшеліктерімізді ескергенде 200 мың теңгеден асады», – деді Серік Егінбаев Құрылтайдағы брифингте.

Оның сөзінше, ветеринар мамандар елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен халық денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады. Алайда олардың еңбегіне қарамастан, әлеуметтік қорғалуы жеткіліксіз.

Депутат ветеринарлардың жалақысын 500 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Сонымен қатар ғылыми дәрежесі бар мамандарға қосымша ақы төлеу және еңбек демалысы кезінде сауықтыру жәрдемақысын беру қарастырылған.

Бұдан бөлек, ветеринарлардың арнайы киімін сатып алуға жұмсалатын шығынды бюджет есебінен өтеу ұсынылып отыр.

Еске салайық, бүгін Құрылтай депутаттары ветеринария мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.