Ақтауда әйелді екі ай бойы аңдыған ер адам жазаланды

Ақтауда әйелді екі ай бойы аңдыған ер адам жазаланды
Ашық дереккөз

Ақтауда әйелді аңдып, үйіне барып, телефон арқылы мазасын алған ер адамға 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақтау қалалық сотының мәліметінше, сотталушы 2026 жылғы тамыз бен қазан аралығында жәбірленушіні заңсыз қудалаған.

Атап айтқанда, ер адам әйелдің соңынан аңдып, үйіне келген, пәтерінің есігін қаққан. Сондай-ақ пәтер есігінің үстіне орнатылған бейнекамерасы бар флеш-жинақтауышты шешіп алып кеткен. Бұдан бөлек, ол жәбірленушіге WhatsApp арқылы бірнеше рет қоңырау шалып, хабарламалар жіберіп, мазасын алған.

Сот бұл әрекеттер әйелдің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзғанын анықтады.

Прокурор сотталушыны 25 тәулікке қамауға алуды сұраған. Ал ер адам кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтып, жеңіл жаза тағайындауды өтінген.

Жәбірленуші сотталушыны кешірмейтінін мәлімдеп, оған қатаң жаза қолдануды сұрады. Сот ер адамның кінәсін толық мойындап, өкінгенін жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Нәтижесінде ол Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды.

Айта кетейік, сталкинг үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.