Жетісу облысының Текелі қаласында жолдан өтіп бара жатқан 11 жастағы қыз ауыр техниканың астына түсіп, оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жол апаты 3 қарашада болған. Әлеуметтік желілерде оқиғаның бейнежазбасы тарады.
Жетісу облыстық Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, Volvo маркалы дөңгелекті экскаватордың жүргізушісі жол қиылысынан өтіп бара жатып, жаяу жүргіншілер өткеліндегі баланы қағып кеткен. Ауыр жарақат алған қыз оқиға орнында қайтыс болды.
Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
"Алдын ала мәлімет бойынша, Volvo маркалы дөңгелекті экскаватордың жүргізушісі жол қиылысынан өту кезінде жаяу жүргіншілер өткелімен өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған қызды қағып кеткен. Алған жарақаттарынан бала қайтыс болды. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта тергеушілер жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтап жатыр. Атап айтқанда, жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін сақтаған-сақтамағаны және ауыр техниканың жол қиылысынан қандай жағдайда өткені тексеріледі. Қылмыстық істің тергелу барысы Жетісу облыстық Полиция департаменті басшылығының бақылауында.