“Уәде қайда қалды?”. Журналист Тараздағы футбол академиясының құрылысын сынға алды

“Уәде қайда қалды?”. Журналист Тараздағы футбол академиясының құрылысын сынға алды

Спорт журналисі Аслан Қаженов Таразда бой көтеруі тиіс балалар футбол академиясының құрылысы әлі басталмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жобаның таныстырылымы өткеніне бір жыл толса да, құрылыс алаңында ешқандай жұмыс жүргізілмеген, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Капсула бар, құрылыс жоқ. Айтылған уәде бар, академия жоқ", – деді журналист оқиға орнынан түсірген видеосында.

Қаженовтің сөзінше, бір жыл бұрын осы аумақта ресми шара өтіп, футбол академиясының құрылысына капсула салынған. Жиынға Қазақстан футбол федерациясының сол кездегі басшысы, Жамбыл облысының әкімі және «Халық» қайырымдылық қорының өкілдері қатысқан.

Жоба аясында жүз балаға арналған, УЕФА мен ФИФА талаптарына сәйкес келетін және қажетті жабдықтармен толық қамтылған футбол академиясын салу жоспарланған. Бастаманы жүзеге асыруға "Халық" қоры 3,5 млрд теңге бөлетіні де хабарланған.

Алайда арада бір жыл өткенде құрылыс алаңында академияның бой көтере бастағанын көрсететін ешқандай белгі жоқ.

"Қазір осы жерге арнайы келіп тұрмын. Аумақта құрылыстың нышаны да байқалмайды. Жобаның барысы жіті бақылауда болады деген еді. Өкінішке қарай, ешқандай процесті көріп тұрған жоқпын", – деді Аслан Қаженов.

Журналист Таразға келгеннен бері жергілікті тұрғындардан академияға қатысты көптеген сауал түскенін айтты. Ата-аналар нысанның қашан салынатынын, балалардың неше жастан қабылданатынын және оқуға түсу талаптарын білгісі келеді. Алайда олар да ресми тараптардан нақты жауап ала алмаған.

Осыған байланысты Аслан Қаженов жобаға жауапты мекемелерден академияның қазіргі жағдайы туралы ашық мәлімет беруді сұрады.

"Құрылыс бола ма, жоқ па? Академияның орны ауыстырылды ма? Бөлінген қаражат жеткілікті ме? Көпшіліктің көкейінде осындай сауалдар бар. Уәде берген тараптар ресми түрде жауап берсе деймін", – деді ол.

Спорт журналисі мәселені көтергені үшін өзіне қысым жасалмауын да сұрады. Оның сөзінше, бұл жерде кімнің қандай ықпалы бары емес, жобаның нақты жүзеге асуы маңызды.

"Бізге керегі – нақты іс. Осы жерге академия салуға уәде берілген соң, ол орындалуы керек. Балалар осында жаттығып, қазақ футболы осындай бастамалар арқылы алға басуға тиіс. Болашақта Еуропа және әлем чемпионаттарында доп тебетін қарадомалақтарымыз дәл осы жерден шығуы керек", – деді Аслан Қаженов.

Ол жауапты тараптар жақын арада түсініктеме беріп, балалар футбол академиясының құрылысы басталады деген үмітін білдірді.