Шығыс Қазақстан облысындағы Манка кен орнына байланысты аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Іс түркиялық кәсіпкер Роберт Йылдырымға тиесілі Yildirim Holding компаниясының қызметіне қатысты қозғалған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Gosrating мәліметіне сәйкес, компания кен өндіруші кәсіпорындарды 5 миллион долларға сатып алған. Инвестор алтын өндіретін фабрика салуға, өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға міндеттеме алған. Алайда бұл жоспарлар жүзеге аспаған.
Оның орнына кәсіпорындарға жылдық 25 пайыздық мөлшерлемемен жалпы сомасы 21 миллион доллар несие берілгені айтылады. Ал шахта үш жыл бойы жұмыс істемей, соның салдарынан нысанның техникалық жағдайы күрт нашарлап, қауіпті деңгейге жеткен.
Осыған байланысты құзырлы органдардан шетелдік инвесторлар берген қарыздардың пайыздық мөлшерлемесіне және қаржының жұмсалуына құқықтық баға беру сұралып отыр. Сондай-ақ істі Қаржылық мониторинг агенттігі жан-жақты тексеріп, Бас прокуратура бақылауына алады деген үміт бар.
Манка кен орны төңірегіндегі ықтимал заңбұзушылықтар мұнымен ғана шектелмеуі мүмкін. Қазір істің барлық мән-жайы тергеу аясында анықталып жатыр.