ҰҚК «Еңбек» РМК басшыларын ұстады – БАҚ

ҰҚК «Еңбек» РМК басшыларын ұстады – БАҚ
pixabay.com

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі сотталғандарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге жауапты «Еңбек» РМК басшыларын ұстады. Бұл туралы BÁSE басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Басылым мәліметінше, 5 қарашада кәсіпорынның бас директоры Ермек Шұрманов пен азық-түлікпен қамтамасыз ету басқармасының басшысы Фуркат Худайбергенов ұсталған. Дереккөздердің айтуынша, олар қызметтік кабинетінде қолға түскен.

Олар азық-түлік өнімдерін сатып алу және жеткізу кезінде жасалған болуы мүмкін сыбайлас жемқорлық қылмыстарына күдіктеліп отыр.

BÁSE дереккөздерінің мәліметінше, Шұрманов Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қызметіне кіріскеннен кейін кәсіпорын басшысы болып тағайындалған. Осыдан кейін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін азық-түлікпен қамтамасыз ету тәртібі өзгерген.

Басылымның жазуынша, бұған дейін азық-түлік жеткізумен сегіз жеткізуші айналысса, кейін бұл жұмыс бір компанияның қолына шоғырланған. Дереккөздер мұндай өзгерістен кейін түрмелердегі азық-түлікпен қамту мәселелері күрделене түскенін айтқан.

Бұған дейін де Қазақстандағы колонияларда сотталғандарды тамақпен қамтамасыз етуге қатысты проблемалар болғаны хабарланған.

Алайда ұсталғаны туралы ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. BÁSE басылымы оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын мәлімдеді.