Жамбыл облысының Меркі ауданында жұмбақ жағдайда қайтыс болған 19 жастағы Мадина Рашидқызының денесіне эксгумация жасалды. Марқұмның жақындары алғашқы сот-медициналық сараптаманың қорытындысына күмән келтіріп, қайта зерттеу жүргізуді талап еткен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мадина Рашидқызы 2026 жылғы тамызда Жамбыл облысының Меркі ауданында көз жұмған. Оның артында сегіз айлық сәбиі қалған. Марқұмның жақындары қыздың өліміне қатысты бірқатар сұрақтың әлі жауапсыз қалғанын айтып, істі жан-жақты тергеуді сұрап отыр.
Мадинаның денесі Алматы маңында қайта қазылды
4 қарашада Алматы маңындағы зиратта марқұмның денесіне эксгумация жасалды. Рәсімге полиция қызметкерлері мен тиісті сала мамандары қатысқан.
Бұл туралы марқұмның отбасының мүддесін қорғап жүрген заңгер Инга Иманбай мәлімдеді.
"Жаңадан тағайындалған сараптама – қайталама комиссиялық сот-медициналық сараптама. Біз оны Алматыда жүргізуді сұрадық. Сондықтан бүгін жәбірленуші тараптың өтініші бойынша эксгумация жасалды. Өйткені алғашқы сот-медициналық сараптаманың нәтижесіне сенбейміз", – деді заңгер.
Оның айтуынша, қайта сараптама өлімнің нақты себептері мен мән-жайын анықтау үшін қажет.
"Барни" тәттісіне қатысты жанжал туралы не белгілі?
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Мадинаның қайтыс болары алдында отбасында жанжал болғаны туралы ақпарат тараған.
Марқұмның құрбысының айтуынша, ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктердің бірі сегіз айлық балаға сатып алынған "Барни" тәттісіне байланысты туындаған. Сондай-ақ құрбысы Мадинаның отбасындағы жанжалдарға шағымданып, күйеуінен кетуді ойлағанын мәлімдеген.
Алайда бұл мәліметтер тергеу барысында тексерілуге тиіс. Жас келіншектің өліміне тәттіге қатысты жанжал тікелей себеп болғаны ресми түрде анықталған жоқ.