Back
| DalaNews

Аягөздегі кардиологиялық орталықтың құрылысы жаздың басында аяқталады

Шығыс Қазақстан өңірі Аягөз ауданындағы кардиологиялық орталықтың құрылысы биылғы жылдың маусым айында аяқталады. 

Барлық медициналық талаптарға толық сәйкес келетін кардиоорталықтың облыстық деңгейдегі клиникалардан еш кемдігі жоқ. Есесіне бұдан былай облыс орталығынан қашықта жатқан аудан тұрғындары Өскеменге ағылмай, іргедегі Аягөзге келіп ем-дом ала алады.

| DalaNews

Аягөз халқынан бөлек, дәл осы орталықта Тарбағатай, Жарма және Үржар ауданының тұрғындарына да сапалы медициналық көмек көрсетіледі. 

Осынау нысанның құрылыс жұмысымен танысқан өңір басшысы Даниал Ахметов әзіргі атқарылып жатқан жұмысқа оң баға берді. Атап өтерлігі Аягөздегі кардиоорталық бір жағынан аудандық аурухана негізінде салынуда.

| DalaNews

“Мұндай орталықтың қабырғасын қалағанымыз облыстағы медицинаға қатысты біраз мәселені шешеді. Себебі мұндай нысан салу қажеттігі бұдан бірнеше жыл бұрын туындаған. Осы күнге дейін өткір немесе жедел кардиологиялық патологиясы бар азаматтардың көпшілігін Өскемен мен Семейдегі, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы кардиоклиникаларға ем-дом қабылдауға бағыттайтын едік.

Ендігі жерде аудан тұрғындарын өзіміз қабылдап, тиісті медициналық көмек көрсетеміз”, – дейді аурухананың бас дәрігері Шалқар Омаров.

Айта кетелік Аягөздегі кардиоорталықты жөндеу жұмыстары биылғы жылдың ақпан айында басталып кеткен. Қазір осынау орталықты жөндеу жұмысы 60 пайызға аяқталған. 

Нысандағы құрылыс-монтаждау жұмыстары  1 маусымға дейін толықтай аяқталады.

| DalaNews

Шалқар Омаровтың айтуынша медициналық құрал-жабдық толық сатып алынған. Құрылыс жұмыстары мәресіне жеткесін, мамыр айының аяғына таман медициналық рентген-ангиографиялық құрылғысы орнатылады.

– Мұнда сонымен қатар компьютерлік томография да бар. Бұдан бөлек ауруханада науқастарды оттегімен қамтамасыз ету жұмысы жолға қойылған. Мұнда өткір немесе жедел кардиологиялық патологиясы бар науқастар емделетін болады. Бізде инсульт орталығы нәтижелі жұмыс істеп тұр. Екі жылдың ішінде 1 870 адамды емдеп, 970 адамды оңалтудан өткіздік, – дейді Шалқар Омаров.

Өз кезегінде ШҚО әкімі Даниал Ахметов құрылыс жұмыстарына оң баға берді. Сонымен қатар әкім Аягөз аудандық орталық ауруханасындағы былтырғы жылы медициналық қызмет көрсету бойынша ІІІ деңгейге өткен босану бөлімшесіне барды.

– Бұл аудандағы медицинаның жаңа деңгейі деп білемін. Алдағы уақытта мұнда аниограф қойылады. Сол кезде Аягөздегі аудандық аурухананың қызмет көрсету деңгейі Өскемен мен Семейден еш кем болмайды. Осы ауруханада тер төгіп жүрген 15 дәрігер Еуропаға арнайы барып, біліктіліктерін арттырып қайтты. Бұл облыстағы медицинаның алға жылжуының нақты белгісі, – деді Даниал Ахметов.

| DalaNews

Сапар соңында облыс әкімі бес қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмысымен танысты. Биылғы 15 маусымда 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілмек.