Орал маңында мұнаралы кран құлап, кран машинисі қаза тапты

Орал маңында мұнаралы кран құлап, кран машинисі қаза тапты
жи: dalanews

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының Мичурино ауылында көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан алаңда мұнаралы кран құлады. Оқиға салдарынан кран машинисі оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қайғылы жағдай 7 қараша күні түске дейін болған.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті оқиғаны растады.

Ведомствоның мәліметінше, көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңында мұнаралы кран опырылып түскен. Салдарынан кран машинисі сол жерде қайтыс болған.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

Тергеу барысында құрылысты жүргізіп жатқан компания, кранның құлауына не себеп болғаны және құрылыс алаңында қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағаны тексеріледі.