Қазақстанның дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрамасы Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында топ жарды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Аралбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлем чемпионаты 30 қазан мен 4 қараша аралығында Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында ұйымдастырылды. Халықаралық додаға 38 мемлекеттен 700-ге жуық спортшы қатысқан. Қазақстан атынан 45 мерген сынға түсті.
Ұлттық құраманың жетістігіне қуанған Нартай Аралбайұлы әлеуметтік желіде сүйінші хабарды жариялады.
"Сүйінші, қазақ елі! Дәстүрлі садақ атудан Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионы атанды. Алтын тұғыр қазақтың еншісінде. Қуан, Қазақ елі!" – деп жазды депутат.
Сонымен қатар ол қазақстандық спортшылардың дайындығы мен шеберлігін жоғары бағалап, жеңімпаздарға алғыс білдірді.
"Қазақтың сұрмергендері әлемде теңдессіз екенін, жеңіс тұғырын ешкімге бермейтінін тағы да дәлелдеді. Барлық жеңімпаздарды, жаттықтырушыларымызды, жанкүйерлерді құттықтаймын", – деді Нартай Аралбайұлы.
Әлем біріншілігінде мергендер дәстүрлі садақ атудың төрт түрінен бақ сынады. Атап айтқанда, 30 метр қашықтықтағы қазақ жамбысы, 70 метрдегі түрік пута нысанасы, 90 метрдегі венгр нысанасы және 145 метрдегі корей нысанасы бойынша жарыстар өткізілді.
Жарыста Батыс Қазақстан облысының спортшылары да жоғары нәтижеге қол жеткізді. Рустам Аманғалиев пута нысанасындағы командалық жарыста, венгр нысанасындағы командалық сайыста және жамбы атудан алтын медаль жеңіп алды. Ал Мұрат Лұқпанов бір күміс және бір қола медаль иеленді. Әсемгүл Ғалымжанова жамбы атудан қола жүлдегер атанды.