Екі сағатта жеті адамның өмірін қиған қанды оқиға: Тараздағы терактіге 15 жыл толады

Екі сағатта жеті адамның өмірін қиған қанды оқиға: Тараздағы терактіге 15 жыл толады
Фото-коллаж: Stan.kz

2011 жылғы 12 қарашада Тараз қаласында болған террористік шабуыл Қазақстан тарихындағы ең қайғылы оқиғалардың бірі ретінде есте қалды. Қарулы қылмыскер екі сағатқа жуық уақыт ішінде жеті адамды өлтіріп, бірнеше адамды жаралаған. Қаза тапқандардың қатарында өзгелердің өмірін сақтап қалу үшін ерлік көрсеткен полиция капитаны Ғазиз Байтасов та болды, деп dalanews.kz тілшісі Stan.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Биыл 12 қарашада елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиғаға 15 жыл толады. Осыған орай Таразда болған қарулы шабуылдың қалай басталып, немен аяқталғанын еске түсірейік.

Қанды оқиға неден басталды?

Тергеу деректеріне сәйкес, 2011 жылғы 12 қарашада Мақсат Қариев есімді азамат Тараз қаласында алдын ала жоспарланған қарулы шабуыл жасаған.

Сол күні ол «Қазақтелеком» қызметкерінің киімін киіп, қала көшелерінде жүрген.

Сағат 11:00 шамасында Қариев өзін бақылап жүрген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің екі қызметкеріне қарудан оқ атқан. Салдарынан Сергей Касьяненко мен Мұхтар Халиев оқиға орнында көз жұмған.

Осыдан кейін қылмыскер қарумен қорқытып, Mazda 626 маркалы автокөлікті тартып алған.

Көп ұзамай, шамамен сағат 11:35-те ол «Маке» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасайды. Қарулы шабуыл кезінде дүкен күзетшісі мен сол жерде болған келуші қаза тапқан.

Қариев дүкеннен бірнеше қару мен оқ-дәріні алып, қылмысын жалғастырған.

Тараз көшелерінде атыс болды

Қару-жарақ дүкенінен шыққан күдікті қала ішінде қозғалып, тағы бір сауда орнына басып кірген. Ондағы адамдарды қарумен қорқытып, кейін басқа автокөлікті иемденген.

Осы уақытта полицияға қаладағы қарулы шабуылдар жөнінде бірнеше хабарлама келіп түскен.

Қылмыскерді тоқтатуға әрекет жасаған полиция сержанттары Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсеитов те оның оғынан қаза тапқан.

Бұдан кейін Мақсат Қариев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облыстық департаменті ғимаратына гранатаатқыштан оқ жаудырған.

Абырой болғанда, жарылыс болған бөлмеде сол сәтте ешкім болмаған.

Ғазиз Байтасов өзгелерді құтқару үшін өз өмірін құрбан етті

Қарулы шабуылдың соңғы сәттері полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігімен есте қалды.

Ол әріптестерімен бірге қылмыскерді ұстау операциясына қатысқан. Атыс барысында Мақсат Қариев жараланғанымен, қарсылық көрсетуді жалғастырған.

Күдіктінің қолында граната барын байқаған Ғазиз Байтасов айналасындағы адамдардың өміріне қауіп төніп тұрғанын түсінген.

Тергеу материалдарында полиция капитанының қылмыскерді жерге құлатып, жарылыс кезінде өзгелерді қорғауға тырысқаны айтылады.

Сағат 12:52-де граната жарылып, Ғазиз Байтасов пен Мақсат Қариев қаза тапты.

Осылайша, екі сағатқа жуық уақытқа созылған қарулы шабуыл тоқтатылды.

Жеті адам қаза тапты

2011 жылғы 12 қарашадағы террористік шабуыл салдарынан жеті адамның өмірі қиылды. Олардың бесеуі құқық қорғау органдарының қызметкерлері болса, екеуі бейбіт тұрғын еді.

Бұдан бөлек, бірнеше полиция қызметкері түрлі жарақат алған.

Оқиғадан кейін арнайы тергеу тобы құрылып, қылмыстың барлық мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізілді.

Тергеу барысында шабуыл жасаған Мақсат Қариевтің радикалды діни-экстремистік көзқарасты ұстанғаны туралы ақпарат жарияланды.

Батыр полицейдің есімі ел жадында қалды

Қызметтік борышын орындау кезінде өзгелерді қорғап қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа қайтыс болғаннан кейін еліміздің ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Кейін Тараз қаласында батыр полицейдің құрметіне ескерткіш орнатылды.

2026 жылы оның есімін ұлықтау мақсатында «Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов» атты ведомстволық медаль тағайындалды.

Медальдің алғашқы данасы батырдың жұбайы Гүлжамал Тәжиеваға табысталды.

2026 жылғы 12 қарашада Тараздағы терактіге 15 жыл толады. Сол күні қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан азаматтардың есімі мен олардың ерлігі Қазақстан тарихында мәңгі сақталмақ.