Back
| DalaNews

«Өрлеу» қашықтан оқытудың мән-жайын түсіндіреді

Елімізде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылын қашықтық форматында бастауды жоспарлап отыр. Соған сәйкес, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша ПҚБАИ 2020-2021 оқу жылының 1 тоқсанында қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру мәселелерін түсіндіру және ата-аналар мен оқушыларға әдістемелік қолдау көрсету мақсатында «Жаңа оқу жылының І-тоқсанында қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру» тақырыбында ақысыз вебинар сериясын бастады.

Вебинар спикерлері – «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қ. бойынша ПҚ БАИ директорының ОӘЖ жөніндегі орынбасары И. И. Халитова (орыс тілінде), Институттың аға оқытушысы  А. Т. Қоңырова (қазақ тілінде).

Вебинар ҚР БҒМ ұсынған ақпаратты негізге алады: білім беру ұйымдарының 1 тоқсандағы жұмысы, бастауыш сынып кезекшілерінің жұмысы, кезекші сыныптарда қамтылуға тиісті санитарлық талаптар, отандық телеарналар мен Интернет желісіндегі білім беру ресурстары туралы ақпарат. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша нақты ұсыныстар: «Үйде қалай оқуға болады?», «Гигиена негіздері», «Киберкультура», «Интернет арқылы қалай оқуға болады?», «Дене жаттығуларының мәні».

Вебинар форматы тікелей қарым-қатынас режимінде болғандықтан, барлық қатысушының өзін қызықтыратын сұрақтарды қоюға мүмкіндігі бар. Арнайы сілтеме бойынша вебинарға енген қатысушылардың сұрақтары бойынша спикерлер толық түсініктемелер мен ұсыныстар береді.

Мұның бәрі бала үшін, ата-ана мен мұғалім арасындағы түсініспеушіліктен бала зардап шекпеуі үшін жасалуда! Бас мұғалім қиын жағдайда білім беру жүйесінің қызметкерлеріне сенім артты, үлкен талаппен батыл қадамдар жасады, жол көрсетті. Ал ұстаздардың ұстазы еңбек ететін «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы министрліктің алға қойған талап-мақсаттарын жүзеге асыру мақсатында белсенеділікпен еңбек етуде.  Ол үшін  қосымша қаражат сұраған жоқ, уақытпен санасқан жоқ, кезекті еңбек демалыстарында жүрсе де, компьютердің алдынан алыстап кеткен жоқ! Тренерлер жаз бойына мектеп мұғалімдерімен тығыз байланыста болып, қашықтықтан оқытудың техникалық ерекшеліктерін жалықпай түсіндіріп, тәжірибелерімен бөлісуде.

Вебинар материалында балаларының бойында мектеп өмірінде қалыптасатын маңызды қасиеттерді: мінез-құлық мәдениеті, төзімділік, жауапкершілік дағдыларын дамытуға қолдау көрсетуге қажетті ата-аналарға ұсыныс-кеңестер бар.

Covid-19 біздің өмірімізге елеулі өзгерістер енгізді. Қашықтықтан оқыту – карантин жағдайында оқу процесін жалғастыруға мүмкіндік беретін білім беру үлгісі. Қазіргі таңда замануи білім беру мекемесіндегі дәстүрлі оқыту үлгісімен қатар қашықтықтан оқыту көптеген мәселелерді шешуге және оқу процесінде ата-аналар мен білім алушылардың өтініштерін орындауға мүмкіндік береді. Осылайша, оқытудың виртуалды нысаны, атап айтқанда мектепте қашықтықтан оқыту – оқушыны өз бетінше ізденуге жетелейді, қосымша білім алу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қашықтықтан оқытудың артықшылығы, бірінші кезекте – балалардың қауіпсіздігі, екіншіден, оқушылар толық көлемде, заманауи технологиялар арқылы білім алады. Демек,  пандемия біздің елімізде балалардың білім алу процесіне кедергі болмауы үшін Білім және ғылым министрлігі барлық мүмкіндіктерді қарастырып отыр. Мұғалімдер демалыс уақытында қашықтықтан оқыту әдістеріне машықтанып, біліктілік дағдыларын дамытты. Яғни, жаңа оқу жылында індеттің таралуына тосқауыл болатын қауіпсіздік шараларын толық қамти отырып мектептер өз жұмысын жалғастырады.

Адам шын мәнінде  білім алуға ұмтылған жағдайда ғана үйрену мүмкін болатындығын есте ұстаған жөн. Сондықтан балаларды қашықтықтан оқыту сапасы тек мұғалімге ғана емес, сонымен бірге оқу процесінің барлық қатысушыларына: әр оқушы мен ата-анаға байланысты.

 Айнұр Жұмахан