Back
| DalaNews

Арыстанбектің арбауына түскен қыздар көп… (видео)

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын “азғын” деп айыптаушылардың қатары тағы бір қызбен толығып отыр. Өзін Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясының түлегімін деп таныстырған жас қыз Азаттық радиосының “Настоящее Время” жобасына сұхбат берген. Ол өзінің студент кезінде ректоры А.Мұхамедиұлының қыздарға қалай қырындағанын айтып берді.

Оқу орнының түлегі қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін жариялаудан және өзінің түрін көрсетуден бас тартқан. Айтуынша, оны ЖОО-ның сол кездегі ректоры А.Мұхамедиұлы құшақтамақ болған көрінеді. Бөтен еркектен қорғану мақсатында студент ректордың бұтынан теуіп, кабинетінен қашып шығыпты.

– Ол алдымен менің оқудан шығып қалғанымды, қайта қалпына келтіруге болмайтынын айтты. “Құжаттар Білім министрлігіне кетіп қалды” деді. Мен “ұятыңыз білсін” деп жауап қайтардым да, кабинетінен шығып кетпекші болдым. Сол кезде ол орнынан тұрып: “Жарайды, оқуыңды реттеп беремін, бірақ қоштасар алдын бір құшақтайын” деп маған қарай жақындады. Мен одан қорғану үшін күш қолдандым: бұтынан тебуіме тура келді. Ол болса жүре алмай қалды. Кейін болған жайтты ешкімге айтпауымды жалынып сұрады, – дейді академияның түлегі.

Ол сондай-ақ, Арыстанбек Мұхамедиұлының өзге де студенттерге қырындағанын айтып берді.

– Күйеуге шыққан бір қыз бар еді. Бұрынғы ректор оған да қырындапты. Өмірін жұмаққа айналдырамын деп уәде берсе керек. Бірақ, күйеуі бар екенін айтып, кездесуден бас тартқан соң оған өзге ұсыныс айтқан. “Сұлу құрбыларың көп, эскорт қызмет көрсетейік” деп ұсынған екен… Кейінірек өзге қыздың төсек арқылы грантқа ауысқанын да естідік, – дейді ол.

Еске салайық, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының үстінен ең алғаш болып экс-актриса Еңлік Садықова шағым айтқан болатын. Ол өнер академиясында оқып жүрген кезде А.Мұхамедиұлының өзіне қырындағанын, азғырғанын айтып, видеоүндеу таратты. Мұнан кейін Қазақстан халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов Еңліктің сөзін қуаттап, журналистерге сұхбат берді.

Бүгінде Арыстанбек Мұхамедиұлынан зәбір көрдік деген қыз-келіншектер қатары біршама артып отыр. Олар министрдің отставкасын талап етуде. Ал, Мұхамедиұлының өзі болса мұның бәрін жала деп тауып, өзінің ар-намысын сотта қорғауды жоспарлап отыр.

Дереккөз: sn.kz